Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында қазақы тазыға арналған құм қоян бойынша аңшылық сынақ өтті. Дала жағдайында 15 тазы өздерінің жылдамдығын, төзімділігін, иіс сезгіштігін, аңшылық шеберлігін көрсетті.
Бұл кезең – Астана маңында ор қоянға өткен сынақтардың қисынды жалғасы, қазақы тазының әртүрлі қоян түрін аулаудағы әмбебаптығын дәлелдеді.
«Қазақы тазы – халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы. Оны нақты дала жағдайында, нағыз аңда жүйелі түрде сынамасақ, тұқымның шынайы аңшылық қасиеттері біртіндеп жоғалуы мүмкін. Жобаның түпкі мақсаты – қазақы тазыны аң аулайтын, заманауи ұлттық аңшылық тұқым ретінде сақтап, дамыту», дейді ұйымдастырушылар.
Мамандардың пікірінше, ор қоян (русак) мен құм қоян (толай) екеуінің әрекеті екі бөлек. Ор қоян көбіне ашық, жазық жерде кездеседі. Негізгі ерекшелігі – жоғары жылдамдықпен түзу бағытта ұзақ қашады. Сол себепті, иттің ұзақ қашықтықта жылдамдықты ұстап тұру қабілеті сыналады.
Құм қоян жер бедері күрделірек, бұрылысы көп өңірде жиі ұшырасады. Жүгіру бағытын жиі өзгертеді, күтпеген жерден бұрылып кетеді. Иттен өте жедел әрекетті, жоғары икемділікті, «ойлай жүріп қуу», яғни тактикалық интеллектіні талап етеді. Сондықтан жоба аясында Астана маңында ор қоянға, Алматы облысында құм қоянға сынақ өткізу кездейсоқ емес. Егер тазы екі жағдайда да әбжілдігін көрсетсе, бұл оның әмбебап аңшы екенінің айқын дәлелі.
Еліміздің кинологтер одағы қазақы тазы мен қазақы төбетке қатысты бірыңғай асылдандыру саясатын жүргізу, яғни көрмелер, тұқымдық байқаулар, далалық сынақтарды жүйелі өткізу, ұлттық тұқымдарды халықаралық деңгейде мойындатуды басты міндет санайды. Сондай-ақ осы бағытта бірыңғай электрондық тұқым кітабын жүргізу, шежіре, ДНҚ, денсаулық, жұмыс нәтижесі туралы мәліметтер базасына енгізу, мемлекеттік органдармен бірге ұлттық тұқымдарды қолдауға бағытталған бағдарламаларға қатысуға айрықша басымдық бере отырып, ұлттық кинологиялық жүйені қалыптастыруды көздейді.
«Жарыс өткізу жүлде алу емес, жүйені дамыту тұрғысында маңызды. Ұлт қазынасы – қазақы тазы сайын далада, іс жүзінде өз деңгейін көрсетуі керек. Қазақы тазыға арналған бірыңғай далалық сынақ жүйесін құрып жатырмыз. Бүгінгі хаттамалар мен жинақталған деректер ертең асылдандыру бағдарламаларына, одан кейін халықаралық мойындауға негіз болады. Ең қуаныштысы, бұл бастаманы аңшылар да, кинологтер де, тазы өсірушілері де қолдап отыр», дейді жарысты ұйымдастырушы Қазақстан Кинологтер одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Тазы баптаушы, «Nomad» ұлттық аңшылық клубы қоғамдық қорының жетекшісі әрі жеңімпаз тазы Әрекеттің иесі Болат Құнанбаев та жарыстың ерекшелігін тілге тиек етті.
«Әрекет – әлі өте жас тазы, небәрі бір жарым жаста. Соған қарамастан, оның қоян, түлкі, елік сияқты олжаға шыққан жақсы аңшылық тәжірибесі бар. Алғашқы қоянын сегіз айлығында алған, бұл – тазыға өте жоғары көрсеткіш. Бүгін алғаш рет өзіне бейтаныс жер бедерінде қабілетін көрсетті, сондықтан бұл сынақтар бізге де, аңшылық ит ретінде оның өзіне де құнды тәжірибе болды. Осындай ауқымды әрі шын мәнінде қажетті іс-шараны ұйымдастырған Кинологтер одағына алғыс білдіремін», деді ол.
Құм қоянды қуу арқылы қазақы тазының аңшылық қабілеті сыналған жарыс қорытындысында алғашқы екі орынды «Nomad» ұлттық аңшылық клубының Әрекет, Адырна атты қос тазысы иеленсе, жүлделі үшінші орынды есімі елге танымал құсбегі Ернар Мүптекеевтің Қабыланы қанжығалады.
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы