Еліміз жыл сайын 12 млн-нан астам астық өндіреді. Бірақ дәнді-дақылдарды бастырғаннан кейін құрғақ сабағы құр қалып қоятын еді. Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданы бұны да іс қылып отыр. Әсел Жексембаева бастаған бір топ ғалым сабаннан сапалы жиһаз жасайтын технология ойлап тапты. Қалдықсыз өндірісті қамтамасыз етіп отырған ауданға ат басын арнайы бұрдық.
Зауыт қақпасынан кірген сәттен-ақ мұнда әдеттегі өндіріс емес, өзгеше үдеріс жүріп жатқанын байқайсың. Алаңда үйіліп тұрған сабан – бұрын жемшөпке де жарамай, өртеніп кететін қалдық. Ал қазір ол – болашақ құрылыс материалының шикізаты. Конвейер бойында сабан ұсақталып, арнайы өңдеуден өтіп, престеліп жатыр. Жұмысшылардың айтуынша, әр кезеңі нақты есеппен, зертханалық талаптарға сай жүргізіледі.
Цех ішінде жаңа шыққан экопанельдерді көрдік. Түсі біркелкі, пішіні жинақы. Қолмен ұстап көрсең, жеңіл, бірақ берік. Мамандар бұл плиталардың ылғалға да, отқа да төзімді екенін айтады. Сынақтан өткен көрсеткіштері арнайы зертханаларда расталған. Бағасы да қолжетімді – нарықтағы ұқсас материалдардан әлдеқайда арзан.
Зауыт ішінде жүргенде бір нәрсе анық сезіледі. Мұнда тек өндіріс емес, ғылым да жұмыс істеп тұр. Әр құрылғының жанында инженерлер мен жас зерттеушілер жүр. Олар параметрлерді тексеріп, жаңа үлгілердің сапасын бақылауда ұстайды. Айтуларынша, бұл – зертханадан басталып, нақты өндіріс алаңына дейін жеткен толық циклді жоба.
Өндірістің Тайыншада орналасуы да бекер емес. Ауданда сабан қоры жеткілікті. Оның үстіне теміржол желісі бар, логистика ыңғайлы. Дайын өнімді еліміздің әр өңіріне жеткізуге мүмкіндік мол.
Зауытты аралап жүргенде шетелден әкелінетін ағаш-жоңқалы плиталар жайы да сөз болды. Мұнда шығарылатын экопанельдер толықтай аграрлық қалдықтардан жасалады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті шикізаттың құнын арттырып отыр.
Өндіріс іске қосылған күні «жақсыны көрмекке» деп келген қонақтар көп болды. Облыс пен аудан өкілдері, ғалымдар, инвесторлар цехты аралап, жаңа желінің жұмысын көрді. Кездесулер барысында ғылым мен өндірістің осылай тоғысуы өңір экономикасына жаңа серпін беретіні айтылды.
«Бұл жоба заманауи технологияларды енгізу мен ауыл шаруашылығы ресурстарын тиімді пайдалануды біріктіреді. Бұл – ғылым мен өндірістің табысты ынтымақтастығының айқын үлгісі. Зауыт аудан үшін инновациялық өндірістің эталонына және өсу нүктесіне айналатынына сенімдімін», деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов ғылыми әзірлемелерді өндірістік үдерістерге енгізудің маңыздылығына тоқталды:
«Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу стратегиялық мәнге ие, себебі ол заманауи технологиялар, автоматтандыру және шығындарды оңтайландыру арқылы өндіріс тиімділігін арттырады. Сонымен қатар кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, жоғары сапалы әрі өзіндік құны төмен өнім шығаруға мүмкіндік береді», деді ол.
Жоба жетекшісі Әсел Жексембаеваның айтуынша, бұл бастама – сабанды жай қалдық емес, экономикалық ресурс ретінде қараудың нақты үлгісі. Ғалымдар жасаған технология қазірдің өзінде сұранысқа ие болып отыр. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, басқа өңірлерде де осындай зауыттар ашу жоспарда бар.
«Бұл жоба зертханалық зерттеулерден бастап тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісті іске қосуға дейінгі толық жолды қамтиды және Ғылым комитеті бағдарламасының «толық циклін» қамтамасыз етеді. Ол Қазақстанның орнықты экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылымды қажетсінетін өндірістер мен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың маңыздылығы туралы Президент Жолдауымен толық үйлеседі», деді ғалым.
Жобаны одан әрі табысты іске асыру жағдайында шикізат қоры бар оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде өндірісті кеңейту жоспары бар көрінеді.
Айта кету керек, Әсел Жексембаева жетекшілік ететін Құрылыс-техникалық инжиниринг орталығын құру жөніндегі мегажоба аясында 19 ғылыми-техникалық әзірлеме зерттеліп жатыр. Бұл іске 70 жетекші ғалым, инженер және халықаралық сарапшы тартылған.
Зауыттан шыққан соң Міржақып Дулатұлының өлеңі ойға оралды:«Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, пайдалан қажетіңе жараса, алаш». Астық қалдығын рәсуа етпей, ел экономикасының қажетіне жаратып отырған мұндай зауыттар елдің әр өңіріне керек-ақ.