Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтардың дербес деректерге қол жеткiзуге немесе банк шоттарынан ақша қаражатын ұрлауға бағытталған жаңа схемалары туралы ескертеді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Ұлттық Банкі онлайн ойындар арқылы банк карталарының деректерін ұрлау жағдайлары жиілеп кеткенін хабарлайды. Қаскөйлер өздерін компания қызметкерлері немесе ойын әкімшілері ретінде таныстыра отырып, балаларға сыйақы беру сылтауымен банк карталарының деректемелерін (карта нөмірлері, CVV кодтары, сондай-ақ SMS кодтары) сұратады.
Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық Банкі ата-аналарға балалармен жеке ақпаратты, банк карталарының деректерін, растау кодтарын үшінші тұлғаларға беруге жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынады, бұл ретте интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында балалардың мобильді құрылғыларында ата-ана бақылауын орнату ұсынылады.
Сонымен қатар, Ұлттық Банк азаматтарды сақ болуға және құпия ақпаратты бермеуге, күдікті хабарламаларға жауап бермеуге, сондай-ақ келіп түскен сұратулардың дұрыстығын міндетті түрде қайта тексеруге шақырады.
Бұдан бөлек, күмәнді сілтемелерге өтуден, белгісіз файлдарды ашудан және HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer немесе соларға ұқсас бағдарламалар сияқты қашықтан кіру бағдарламаларын орнатудан аулақ болу керек.
Қазақстан Ұлттық Банкі жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, азаматтарға кредит берумен айналыспайтынын, заңгерлік қызмет көрсетпейтінін, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін естеріңізге саламыз.
Үшінші тұлғалар тарапынан алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін мемлекеттік органдардың немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметкерлері болып қоңырау шалған адаммен арадағы әңгімені дереу тоқтатып, қажет болған жағдайда мемлекеттік органның ресми нөміріне алаяқтық әрекет туралы өз бетінше хабарлауды ұсынады.