БҚО Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Белгілі болғандай, кәмелетке толмаған өзінің құрбысымен бірге скутерге мініп, көңіл көтермек болған.
Кәмелетке толмаған азамат "Racer" маркалы скутерді басқара отырып, қосалқы жолда ҚР жол жүру ережесінің 13.101 тармағын бұзып, негізгі жолмен батыс бағытта тура қозғалып келе жатқан көліктерге жол бермей, "Hyundai Santa Fe" автокөлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан кәмелетке толмаған Н. мен скутердің жолаушысы кәмелетке толмаған Ж. дене жарақатын алса, "Hyundai Santa Fe" көлігінің иесі материалдық шығынға ұшырады.
"Кәмелетке толмағанға қатысты 610 ӘҚБтК-нің 3-бөлігімен әкімшілік айыппұл салынды",- делінген сот ақпаратында.
Талапкер кәмелетке толмаған Н.-ның заңды өкілдеріне келтірілген материалдық шығынды (қалпына келтіру жөндеу, бағалау және қызмет көрсету құны, сот шығындарын, мамандандырылған автотұрақ қызметтерін) өндіру туралы жалпы сомасы 5 192 280 теңгені құрайтын азаматтық талап арызбен жүгінді.
"Сот-тауарлық сараптама қорытындысы бойынша талап арызды ішінара қанағаттандырды: кәмелетке толмаған Н.-ның ата-анасынан талапкердің пайдасына бірлесіп 4 192 730 теңге, Сот сараптамасы орталығының пайдасына сараптама жүргізу үшін 112 631,17 теңге өндірілді". БҚО Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
Шешім заңды күшіне енді.