Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Мемлекет басшысы үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды", – делінген хабарламада.
Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы
Бүгін, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге алып кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Маңғыстау облысында төтенше жағдай болған жерден видео жариялады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева




