Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымның 93-ші Бас сессиясына 30 елдің министрлері мен 182 мемлекеттің ұлттық делегаттары қатысты.


Қазақстан 18–22 мамыр аралығында Париж қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымның 93-ші Бас сессиясына қатысып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер – биологиялық қауіпсіздік, жануарлардың трансшекаралық ауруларына қарсы күрес және ветеринария саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 182 мемлекеттен келген делегациялар алдында сөз сөйлеп, ветеринариялық қызметті жаңғырту бағытындағы еліміздің тәжірибесін таныстырды.

Айдарбек Сапаров жаһандық биологиялық қатерлердің артуы жағдайында ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері ерекше маңызға ие болып, мемлекеттердің азық-түлік және санитарлық тұрақтылығының маңызды құрамдас бөлігіне айналғанын атап өтті.

"Бүгінде әлемдік қауымдастық жануарлардың аса қауіпті ауруларының трансшекаралық таралу қаупінің күшеюімен бетпе-бет келіп отыр. Мұндай жағдайда жаһандық ветеринариялық қауіпсіздіктің тиімділігі халықаралық ынтымақтастыққа, ашықтыққа және мемлекеттердің бірлесіп әрекет етуге дайындығына тікелей байланысты", – деді министр.

Министр Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымның Қазақстанда Субөңірлік өкілдік ашқаны үшін ризашылығын білдірді.

Оның айтуынша, аталған өкілдік өңірлік ынтымақтастықты дамытуға, халықаралық ветеринариялық стандарттарды ілгерілетуге және аймақ елдері арасында тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаңға айналды.

Мал шаруашылығы әлеуеті жоғары әрі сыртқы шекарасы ұзын Қазақстан үшін эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиялық маңызға ие. Мемлекеттің дәйекті саясатының арқасында ел тұрақты эпизоотиялық ахуалды сақтап, халықаралық мәртебелерін растап, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Қазіргі уақытта ет өнімдері әлемнің 20 еліне экспортталады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоспар ауыл шаруашылығы жануарларының санын көбейтуге, өнімділікті арттыруға және саланың экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, 2026–2030 жылдарға арналған Ветеринариялық қызметті дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, инфрақұрылымды жаңғырту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және ветеринариялық бақылау жүйесін жетілдіру көзделген.

Елдің ветеринария саласында 15 мыңнан астам маман еңбек етеді. Ветеринариялық қызметті жаңғырту бойынша нақты шаралар қабылданып, заманауи ветеринариялық нысандар салынып, арнайы автокөліктер сатып алынып жатыр.

Ғылыми-диагностикалық базаны дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Үкіметтің қолдауымен зертханаларды заманауи жабдықтармен, соның ішінде секвенаторлармен, ПТР және ИФА жүйелерімен, сондай-ақ жоғары тиімді сұйықтық хроматографиясы кешендерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілу үстінде.

Кадр даярлау мәселесі де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Елде білім беру бағдарламалары жетілдіріліп, эпизоотологтар, ихтиопатологтар және зертхана қызметкерлерін қоса алғанда, бейінді мамандарды даярлау және қайта даярлау жүйесі дамытылу үсінде.

Министр биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанын да атап өтті.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Дүниежүзілік банк және Пандемиялық қор ұйымдарымен бірлесіп, Қазақстанда жалпы құны 4,7 млн АҚШ долларын құрайтын бағдарламалар іске асырылып жатыр. Бұл бағдарламалар "Біртұтас денсаулық" тәсілін енгізуге, ұсақ күйіс қайыратын мал обасы мен бруцеллезді қоса алғанда, аса қауіпті жануарлар ауруларының алдын алу мен бақылауға бағытталған.

"Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымның мүшесі ретінде Қазақстан халықаралық стандарттарды, ашықтық қағидаттарын және ғылыми негізделген тәсілді дәйекті түрде ұстанады, эпизоотиялық ақпаратпен ашық алмасуды қамтамасыз етеді. Еліміз жаһандық биологиялық қауіпсіздікті нығайту және мал шаруашылығын тұрақты дамыту мүддесінде халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын", – деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымның 93-ші Бас сессиясына 30 елдің министрлері мен 182 мемлекеттің ұлттық делегаттары қатысты.

Сессия аясында жануарлардың трансшекаралық ауруларына қарсы күрес, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, жаңа биологиялық қатерлердің алдын алу және жаһандық ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін күшейту мәселелері талқыланып жатыр.