0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Мемлекет елімізге келетін импорттық сүт өнімдерін нарықтан ығыстыру үшін соңғы екі жылда 200 млрд теңге несиелік қаржы бөлді. Жылдық өсімі 2,5 пайыз. Нәтижесінде бір ғана Павлодар облысының өзінде 17 тауарлы сүт фермасы салынды. Чехия, Словакия, Дания, Голландиядан аналық сиырлар әкелінді. Заманауи агроқалашықтарда аймақтағы меншікті тілшіміз болған еді.
Болат Аманбаев, тілші:
Бұл мал дала көрмейді. Қысы-жазы қамауда. Көріп тұрсыздар күйі де бөлек, үйі де бөлек. Мал баққанға бітеді деген осы.
Сүтті сиыр бұзау кезінен жеке үйшіктерге қамалып, күтім жасалады. Бұлардың отаны Венгрия. Голштино-фриз тұқымы. Әр сиыр тәулігіне 39 литрге дейін сүт береді. Қуаныш Темірғалин басқаратын шаруашылық күн сайын 40 тонна сүт тапсырады. 1200 сиыр сауып отыр.
Қуаныш Темірғалин, шаруашылық басшысы:
Қазір тауарлы сүт фермасын ашу Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі негізінде жеңілдетілді. Қаржыландыру бойынша ешқандай кедергі жоқ. Құрылыс жүргізу, мал сатып алуға арзан несие береді. Мемлекеттің көмегінсіз біз бұл шаруашылықты аша алмайтын едік.
Қазір облыста осыған ұқсас 17 ферма бар. Сиырдың сауынынан бастап, азықтандыру, астын тазалау, ғимаратты жылытып, желдетіп отыру бәрі компьютермен басқарылады. Құнарлы жем-шөп дайындау үшін арнайы алқаптар бөлінген. Егін суарылады.
Виталий Михайлов, шаруашылық басшысының көмекшісі:
Біз өсімі 2,5 пайыздық 5 млрд теңгеден астам несие алып, осы кешенді іске қостық. Инвестициялық жобаның жалпы құны 14 млрд. теңге. Қазір 840 сиыр сауылады. Күніне 25 тонна сүт өндіреміз. Алдағы күзге дейін Даниядан тағы 400 бас сиыр әкелеміз.
Қазір аймақтағы 17 тауарлы сүт фермасы тәулігіне 433 тонна сүт өндіреді. Жылдық қуаттылығы 20 мың тоннадан асады. Бұл сүт өнімінің көлемі соңғы үш жылда екі есеге өсті деген сөз.
Әли Әкімжанов, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:
Жалпы бағдарлама аясында соңғы екі жылда 100-100 млрд-тан 200 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Оның ішінде 2023 жылы 100 млрд осы тауарлы сүт фермаларына жұмсалған. Алдағы уақытта бөлінетін қаражат осы жылы 200 млрд теңге жоспарланып отыр.
Мемлекеттік бағдарламаның игілігі мол. Тапсырылған сүттің әр литріне 20 теңгеден демеу қаржы беріледі. Несиені алғаннан кейін екі жылға дейін қайтарым жасалмайды. Мемлекет осылайша өңірлерде сүт белдеуін құрып, отандық нарықтағы импорттық өнімдерді ығыстырып шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
Болат Аманбаев