Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Инклюзивті спорт орталығы құрылысының барысымен танысты. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбекпен әлеуметтік инфрақұрылым мен оны жабдықтау мәселелерін талқылады.

Инклюзивті спорт орта­лығының құрылысы биыл көктемде басталды. Болашақ­та мұнда параспортшылар жаттығу жасап, жарыстарға дайындалады. Сондай-ақ оңалтудан да өтеді. Кәсіби жаттықтырушылар қызметі мен арнайы жабдықталған ауқымды залдардың мүмкіндігі зор. Соның ішінде футбол мен баскетболды арбамен ойнауға, үстел теннисі мен голболды, волейболды отырып ойнауға, боччаға арналған залдар бар. Сондай-ақ орталықта мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған дене шынықтыру, спорт, оңалту қызметтері көрсетіледі.

Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының басым бағыты – инклюзивті қоғам құру және мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау. Бұл ретте М.Әшімбаев Президент инклюзивті тәсіл­дерді іске асыруға баса назар аударып отырғанын атап өтті. Елімізде жүргізіліп жатқан жаңарулардың негізі – әділеттілік қағидатына инклюзивті қоғам құрмай қол жеткізу мүмкін емес.