Заман талабына сай бейімделу, өнім түрлерін көбейту, материалдық-техникалық базаны жақсарту «Целингормаштың» екінші тынысын ашты. Кәсіп орынның негізгі қызметі – машина жасау. Арнайы техникаларға қажетті әртүрлі бөлшекті, қалыптан тыс құрылғыларды дайындайды.
1996 жылдан бері жұмыс істейтін кәсіпорын 2001 жылы кәсіпорын «Целингормаш» серіктестігі атанды. 2022 жылдан Алексей Ерофеенко иелік етеді. Компанияға 6 млрд теңге инвестиция құйылған. Осы қаражат есебінен жаңа цехтар салынып, заманауи құрылғылар сатып алынды. Директордың айтуынша, кәсіпорын өнімі сұранысқа ие. Мұнда теміржолға қажетті құрылғыларға да тапсырыс беріліп, вагондар мен локомотивтердің де қосалқы бөлшектері өндіріледі.
Осыдан бірер жыл бұрын кәсіпорын қызметі екі бағытқа бөлінген. Біріншісі – машина жасау бағытында стандартқа сай емес құрылғыларды даярлау болса, екіншісі – жаңа қосымша жабдықтау өндіру. Кейінгі екі жылда тапсырыс берушілер саны өскен. Кәсіпорын жоғары қысымды қазандықтар мен радиоактивті материалдардың контейнерлерін де дайындайды. Жұмыс учаскесінде 230 түрлі станок тұр. Ол станоктарда жоғары білікті 40 адам еңбек етеді. Айына 800 тоннаға жуық металл құрылғылары екі ауысымда дайындалады. Егер тапсырыс берушіге шұғыл қажет болса қосымша күш жұмылдырылады.
Көптеген өндіріс ошағындағы тәрізді бұл жерде де кадр жетіспейді. Әсіресе токарь, фрезеровщик тәрізді мамандық иелері қасқалдақтың қанындай қат. Орташа еңбекақы – 480 мың теңге. Шағын қала тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс. Міне, осы арада өндіріс саласының мамандарын даярлау мәселесі өткір күйінде екенін екпін түсіріп айта кетуге болады.
Кәсіпорындағы үш цехтың жаңғыруы жайында бөле-жара айта кету керек. Бірінші кәсіпорын неміс құрылғыларымен толық жабдықталған. Дәнекерлеу желісі адам күшін көп қажет етпейтін құрылғылар арқылы жұмыс істейді. Үйреншікті дәнекерлеуші бір жұмыс ауқымын тәулік бойы істесе, робот 22 минутта тап-тұйнақтай етіп мүлтіксіз дәнекерлеп шығады. Металды кесу, өңдеу ісі де жаңа құрылғылар арқылы атқарылады. Кәсіпорынға негізінен «Алтын алмас», «RG Gold», «Норд Минералс Казахстан», «АИ Инжиниринг» компаниялары тапсырыс береді. Тағы бір жаңа цехта пластикалық терезелер де өндіріледі. Бұл бұйымдарға да сұраныс көп.
Осыдан екі жарым ай бұрын кәсіпорын тағы бір жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісіпті. Алтын өндіретін фабрикалардың сұранысына орай шағын тұрғын үйлер дайындай бастаған. Шағын үйде тұрмысқа қажетті барлық жағдай қарастырылған. Уақытша жай болғанымен, кез келген маусымда пайдалануға әбден болады. Ең басты ерекшелігі, бір орыннан екінші орынға көшіру оңай.
Кәсіпорын жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да көңіл бөледі. 27 жыл бойы жұмыс істемеген асхана жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне жаратылған. Кәсіпорын жұмысшылары тегін тамақтанады.
Өндірілген бұйымдар ашық үлгідегі кеден қоймасында сақталады. Заманауи жаңа жабдықтармен толық қамтамасыз етілген кәсіпорын алдағы уақытта тұтынушы тілегіне сай стандартты емес құрал-жабдықтарды шығаруды молайта бермек. Өндіріс өрге басқан сайын ел экономикасы да нығайып, тіршілік тынысы кеңейе береді емес пе?
Ақмола облысы,
Степногорск қаласы