Таразда келер жылдан бастап су арналарына жаппай қоршау салынбақ.

Себебі елді мекен арқылы өтетін каналдарда қайғылы жағдай көбейіп кетті. Дегенмен жауаптылар бұл жұмыстарға қомақты қаражат қажет, — дейді. Арна жағасын қоршау мәселені қаншалықты шеше алады?

Ағысы қатты мына Сеңкібай су арнасы Талас өзенінің суын Байзақ және Жамбыл аудандарының шаруаларына жеткізеді. Ұзындығы 6 шақырымдық канал 5 тұрғын үй алабының ортасымен ағып жатыр. Дегенмен ешбір жерінде қоршауы жоқ. Тұрғындар қауіпсіздік қоршау салып беруді сұрап отыр.

Тастақ тұрғын үй алабында жылда бірнеше қайғылы жағдай тіркеледі. 30 жыл бойы осында тұратын Серік Таубаев солардың куәсі болған. Сондықтан қоршау жайы кезек күттірмеуі керек, — дейді.

Серік Таубаев, қала тұрғыны:

- Осыдан1-2 ай бұрын 3-4 жасар бала суға түсіп кеткен ойыншығын аламын деп ұмтылып, батып кетті. Судан шығарып алдық, бірақ қайтыс болып кетті. Мұндай жағдай болмас үшін алдын алу керек. Ең болмаса балалар ойнайтын жерді дұрыстап жапса болар еді ғой. Жақын жерде футбол алаңы бар. Балалар мұнда көп келеді.

Тастақпен қоса Қайнар, Мичуринец, Родничок, Ақжол тұрғын алаптарының жұрты да алаңдаулы. Себебі қоршаусыз су арнасы сондағы спорт кешені мен мектеп сияқты әлеуметтік нысандар маңынан өтеді. Оған қоса канал үйлерге жақын орналасқан. Мәселенің өзектілігін депуттаттар да көтерген. Бірақ әзірге мардымды жауап болмаған.

Талғат Дүйсенов, қалалық мәслихат депутаты:

- 2023 жылдан бері 4 сауал жазылды. Бірақ нақты жауаптары өкінішке қарай келген жоқ. Біз енді өзіміздің қолдауымызды көрсетіп тиісті мекемелерге сауалдар жіберіп, өтініштер жіберіп осы мәселені басты назарда ұстап отырамыз.

Жалпы облыста ашық-шашық су арналарын қоршау өзекті болып отыр. Себебі елдімекен арқылы өтетін 9 каналдың бірде-біреуі қоршалмаған. Ал жауапты «Қазсушар» мекемесінің мамандары мәселені келер жылдан бастап шешеміз, — деп мәлімдеді.

Ербол Әбдірахманов «Қазсушар» РМК ОФ бас инженері:

- Қазіргі таңда Жамбыл филиалында жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл қоршаулардың түрін біз қарап жатырмыз, темір қоршау болады. Биіктігі 1,5 метр. Бұл жұмысты келесі 2026 жылы қарастырып отырмыз. Қаржы бөлінген жағдайда бірден басталады.

Ауқымды жобаға жарты миллиардтан астам теңге қажет. Сондықтан республикалық бюджетке өтінім берілді. Жоба мақұлданса, келер жылдан бастап су арналарында құрылыс жұмыстары басталады.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә 24KZ