Әйгілі Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылды. Ғылым және жоғары білім министрлігі онда қанша қазақстандық білім алып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгін АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрінің бұйрығымен Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Демек Гарвард бұдан былай шетелдік студенттерді қабылдай алмайды және онда оқып жатқан шетелдік студенттерге басқа жоғарғы оқу орнына ауысуына тура келеді, әйтпесе заңды мәртебесінен айырылады.

Гарвардта білім алып жатқан қазақстандықтарға қатысты Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев пікір білдірді.

"Гарвард университетіне қатысты бізге сауалдар түсіп жатыр. Біз тек келесі ақпаратты бөлісе аламыз.

Бүгінгі таңда "Болашақ" бағдарламасы бойынша Гарвардта 7 адам білім алып жатыр. Басқа бағдарламалар немесе өз қаражатына оқып жатқан студенттер туралы мәлімет бізде жоқ. Мұндай жағдайлар бойынша тиісті сұрау жолданады", — деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Еске сала кетейік, сәуірде Гарвард профессорлары Трамп әкімшілігін федералдық қаржыландыруды тексеру қаупіне байланысты сотқа берді.

Кейін Трамп әкімшілігі Гарвардқа жалпы сомасы 2,2 млрд доллар болатын грантты тоқтатқан.

BBC орыс қызметінің хабарлауынша, Гарвард АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің бағдарламаларды қайта қарау және студенттер мен қызметкерлердің "пікіріне аудит жүргізу" талаптарын орындаудан бас тартты және федералды гранттан 2,2 млрд доллар жоғалтты.