Бүгінде бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетудің бірнеше тетігі бар. Оның бірі – кешенді бағдарлама шеңберінде іске асатын бизнестің жол картасы мен қарапайым заттар экономикасы. Қазір жол картасы негізінде дайындалған бағдарламаның арқасында кәсіпкерлердің өрісі кеңіді.

Кәсіпкерлікті дамыту – ұлттық эко­но­ми­каның тұрақты өсуі­нің маңызды факторының бірі. Өткен жылдың 4 тоқсанында елдің ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 39,7%-ды құрады. Бұл бұрнағы жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға артық. Секторда жұмыспен қамтыл­ған­дар саны 2,2%-ға ар­тып, 4,4 млн адамға жетті. ШОБ субъек­тілерінің өнім шығару көлемі 81 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 19,2%-ға жоғары.

«Даму» қорының қатысуымен іске асатын кәсіпкерлікті қолдаудың қол­да­­­ныстағы кешенді бағдарламасы шең­бе­рінде «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының құ­ралын белсенді іске асыру жалғасып жа­тыр», деді Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен баспасөз маслихатын­да Ұлт­тық экономика министрлігі Кәсіп­кер­лікті мемлекеттік қолдау және қорғау депар­таментінің директоры Дарын Әбдуәлі.

Ол брифингте елдегі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың негізгі нәтижелері мен жаңа шаралары туралы айта келіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша кредиттерді субсидиялау арқы­лы жеңіл­детілген қаржыландыру шаралары­мен жалпы сомасы 1 трлн теңгеге 7 мыңнан астам бизнес-жоба қамтылғанын атап өтті.

Онда кепілдіктер 310 млрд теңге сомасына 8 мың жобаға беріліпті. Енді биыл осы мақсаттарға 275,2 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 196,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 78,8 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Жобалардың дені Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Ақтөбе облыстарында іске асырылады.

Салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, білім салалары басым. Қаржылық емес қолдау шаралары да белсенді дамуды жалғастырып келеді. Былтырғы жылы 15 мың сервистік қызмет көрсетілді, бизнесті жүргізуге қатысты 135 мыңнан астам консультация ұсынылды.

Қолдау Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы да, онлайн – маман­дандырылған портал арқылы да көр­се­тіледі. Қолдаудың неғұрлым нарық­тық тетік­теріне көшу шеңберінде кешенді бағ­дарламаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқан­да, портфельдік субсидиялау мен «Даму» қоры базасында жаңадан құрыла­тын өңірлік кепілдік қорлары арқылы кепілдік беру, қаржыландыру туралы шешімдерді қабылдау жөніндегі өкілеттікті тікелей екінші деңгейдегі банктерге беру – барынша жағымды жаңалық. Бұл өтінімдерді қарауды жеделдету мен бизнесті қолдаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«ШОБ субъектілеріне жылдық 12,6% мөлшерлемесімен жеңілдетілген қаржыландырудың жаңа бағдарламасы қосымша әзірленіп жатыр. Кредиттер қоса қаржыландыру тетіктерінің қа­тысуы­мен екінші деңгейдегі банктер ар­қы­лы берілетін болады. Ең жоғары лимит бір қарыз алушыға немесе бай­ла­нысты қарыз алушылар тобына 7 млрд теңгеге дейін болады», деді Д.Әбдуәлі.

Мұнымен қоса департамент директоры мемлекет бұдан былай шағын және орта бизнесті қолдауды дәйекті түрде күшейтіп, қаржылық және қаржылық емес құралдарға қолжетімділікті кеңей­тіп, кәсіпкерлік белсенділікке қолайлы жағ­дай туғызатынын атап айтты.