Алматы қаласы әкімінің лауазымына Дархан Сатыбалдыдан бөлек, қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов үміткер болған. Бұл туралы үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының жиналысына қатысқан.

Жиналыс барысында депутаттарға мемлекет басшысының Алматы қаласының әкімі лауазымына екі кандидатты – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановты ұсыну туралы хаты оқылған.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 32 депутаттың 23-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасына дауыс берген. Бейбіт Шахановтың кандидатурасын 9 депутат жақтаған.

Президент жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған.