Елімізде YouTube, TikTok және басқа да интернет-платформалардан табыс табатын азаматтарға қатысты жаңа талап күшіне енеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылдан бастап мұндай кіріс ресми түрде бақылауға алынады, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа Салық кодексіне сай, шетелдік және отандық онлайн-платформалар өз пайдаланушылары туралы деректерді ай сайын уәкілетті органдарға жолдауға міндеттеледі. Бұл ақпаратта сатушының аты-жөні, клиенттер тізімі, мәміле сомасы және басқа да маңызды мәліметтер көрсетіледі.
Мысалы, отандық автор YouTube-тағы бейнероликтен немесе TikTok-тағы жарнамадан табыс тапса, төлем туралы дерек тікелей салық органдарына түседі. Шетелдік платформалар да отандастарымызға төленген қаржыны ашық көрсетуге тиіс.
Жүйе іске қосылғаннан кейін интернет арқылы табыс табатындар кірісін жасырмай, салықты уақтылы төлеуі қажет болады. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл шара салық төлеу мәдениетін қалыптастыруға және «көлеңкелі» онлайн табысты азайтуға бағытталғанын айтып отыр.