Қоғамдық саясат институтының зерттеуінше, әрбір жетінші адам қоғамдық не қайырымдылық шараларына қатысады.

БҰҰ тапсырысы бойынша Gallup институтының деректеріне сүйене отырып дайындалған 2025 жылғы Бақыт туралы дүниежүзілік баяндамаға сәйкес, Қазақстан әлемдік бақыт рейтингінде 43-орынды иеленді. Қазақстан – ТМД елдері арасында үздік елулікке енген жалғыз мемлекет. Бұл туралы SocioExpert хабарлады.

Зерттеу барысында респонденттерден қайырымдылық жасау, еріктілікпен айналысу, бейтаныс адамға көмектесу, сондай-ақ жоғалған әмиянның қайтарылу ықтималдығы туралы сұралған. Бұл жауаптар Кантрил шкаласы (0-10) бойынша өмірге қанағаттану деңгейімен салыстырылды.

"Нәтижелер көрсеткендей, басқаға көмектесетін адамдардың бақыт деңгейі жоғары, бірақ одан да жоғары көрсеткіш қоғамдағы ізгілікке сенетін адамдарда байқалады. Бақыт рейтингісінің көшбасшылары – Финляндия, Дания, Исландия, Швеция және Нидерландтар – сенім мен өзара көмектің жоғарылығымен ерекшеленеді. Алайда, мұнда көмек көрсету әрекеттері аса жиі болмағанымен, оның сапасы мен әсері маңызды рөл атқарады. Адамдар нақты нәтиже, жеке байланыс және ерікті таңдау жағдайында көмектескенде көбірек қанағат алады", – делінген баяндамада.

Қазақстан жалпы әлемдік рейтингте 43-орынға ие болып, ТМД елдері ішінде үздік елу ел қатарына енген жалғыз мемлекет атанды. Бұл деңгейді Қазақстанның Қоғамдық саясат институтының зерттеуі де растайды. 2024 жылғы қараша мен желтоқсан аралығында жүргізілген сауалнама нәтижесінде, қазақстандықтардың тек әр жетіншісі (13,2%) үнемі қоғамдық және қайырымдылық шараларға қатысатыны анықталған. Тағы 31% мұндай істерге кейде – жылына бірнеше рет қана қатысады. Ал халықтың жартысынан астамы өте сирек немесе мүлде қатыспайды: 26% – жылына бір реттен аз, 26,5% – ешқашан қатыспағанын айтқан.


Оқи отырыңыз:

Қазақстан бақытты 149 ел рейтингінде 45-орында тұр. Қала халқына қарағанда ауылдықтардың 76,6%-ы бақытты