Жыл басынан бері бала тууына, күтіміне байланысты төленген жәрдемақының жалпы сомасы 507 млрд теңгеге жуықтаған. Оның ішінде тек бала туғанда берілетін жәрдемақыға республикалық бюджеттен 36,4 млрд теңге қаралып , 201,7 мың азаматқа тиген.
Жәрдемақының осы түріне бала туған, асырап алған, қамқорлыққа алған балалары бар ел азаматтары, қандастар, елде тұрақтап қалған шетелдіктер үміткер бола алады. Бала тууына, бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді. Жыл басында мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген.
Бала туғанда берілетін жәрдемақының биылғы мөлшері:
– бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
– төртінші, одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:
– бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
– екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
– үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
– төртінші, одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Бұдан басқа, жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке, босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі, босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі, босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі кейінгі 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске, еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Аталған біржолғы төлем жыл басынан бері 133,6 мың адамға берілген. Жалпы сомасы – 190,7 млрд теңге. Шілде айында төлемнің осы түрі 24 млрд теңге сомасына 21,8 мың адамға тиген. Жыл басынан бері тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 523 093 теңгенің шамасында.