Бүгін мәжіліс кулуарында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайраттың ісіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, істің қашан сотқа жолданатынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жеңіс Елемесовтің айтуынша, қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.
"Қатысушылар қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр. Нақты кесте бар, танысу 9 маусымда аяқталуы керек. Әрі қарай өтінішхат жолдауға 3 күн беріледі, содан кейін 10 күн ішінде прокуратура істі сотқа жолдау туралы шешім шығарады. Екі адам – қызы мен анасы күдікті саналады", — деп нақтылады спикер.
Айта кетейік, бұған дейін Жеңіс Елемесов Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғанын мәлімдеп, келтірілген шығын көлемі туралы айтқан еді.
Оның хабарлауынша, Перизат Қайрат реабилитациялық орталық құрылысына, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестинаға гуманитарлық көмек үшін қаражат жинаған. Осы үш эпизодтың барлығы Қылмыстық кодекстің 190-бабы – "Алаяқтық" бойынша қаралып жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны 2024 жылғы қарашада белгілі болды.