Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ақорда кулуарында бұған дейін желіде тараған Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы қауесетке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Менің ойымша, біз емделіп жатқан адамға қатыгездік таныттық. Шынымды айтсам, нақты білмеймін, себебі бұл адамның жеке өміріне, отбасына қатысты.
Тұңғыш президенттің отбасы екені түсінікті, бірақ өлім туралы ақпарат тарату – қатыгездік. Баспасөз хатшысы ақпаратты жоққа шығарды және ол дұрыс жасады, өйткені әрқашан сенімді ақпаратқа сену керек", — деді Аида Балаева.
Айта кетейік, Сара Алпысқызы Назарбаева 1941 жылы ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген. 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты.
Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ол 1992 жылы құрылған "Бөбек" халықаралық балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті.
Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай желіде тараған "Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны" туралы қауесетті жоққа шығарғанын хабарлағанбыз.