Елімізде тұрғын үй нарығындағы баға тұрақсыз. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ел аумағында баспаналар орташа есеппен 6,9 пайызға қымбаттаған . Баға құбылғаннан бөлек, бұл салада заңнамалық өзгерістер де бар. Өткен айда Ұлттық банк ең жоғары тиімді мөлшерлемеге 20 пайыздық шектеу енгізді.

Қазір ипотека рәсімдеуді еліміздегі екі ірі банк қайта жалғастырып жатыр. Олардың пайыздық мөлшерлемесі 20-дан 18 пайызға төмендеді. «Десе де, бұл өзгеріс баспананың бағасына әсер етпейді. Өйткені жаңа үйлердің бағасы өсіп, инфляция баяуламай тұр», — дейді тұрғын үй нарығының сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы.

Жеңіс Шәріпұлы, тұрғын үй нарығының сарапшысы:

Инфляция соңғы бір жылдың ішінде 11 пайыз болған. Енді үйдің бағасы 11 пайызға дейін қымбаттад ы. Қанша инфляция болады, үйдің бағасы да соншалықты шарықтайды. Ипотекаға сұраныс көбейеді. Жаңа үйлерге сұраныс 2-4 пайызға артуы мүмкін.

Сондай-ақ 25-30 жыл бұрын салынған баспаналарға да сұраныс артты, ал жылы ескі үйлер 5,3 пайызға қымбаттады дейді мамандар. Жаңа өзгерістерге сәйкес, банктерде ипотека рәсімдеу талаптары қатаңдатылды, дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің сарапшысы Бақытгүл Жұмағұлова.

Бақытгүл Жұмағұлова, жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы:

Мәселен, бұрын біз бір кредитпен, екі кредитпен егер табыс көзі жақсы болса, біз үй алып беретінбіз. Қазір көп банктерде ипотека шықпай жатыр. Сондықтан, меніңше, бір шектеулік бар сияқты.

Ал экономист Бекнұр Қисықов 20 пайыздық шектеу – бағаны тоқтатудың бірден бір құралы деп есептейді. Сондай-ақ маман тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесі тек бір банкке ғана тиесілі болуы тиіс деген пікірде.

Бекнұр Қисықов, экономист:

Жылжымайтын мүлікке стратегия керек. Мемлекеттік саудаға берудің қажеті жоқ. Сондықтан үй мәселесін бақылауға алып, алып-сатарлардың шеңберіне беруіне болмайды. Оның бәрін мемлекет бақылауға алу керек деп ойлаймын.

Сарапшылардың сөзінше, бұл өзгерістер құрылыс саласындағы белсенділіктің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін. Ал тұрғын үй құрылысын азайту мен инвестициялық белсенділіктің төмендеуі басқа да салаларға кері әсер ететіні анық, дейді мамандар.

Айдана Қуантхан