Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» және т.б. бірқатар бастамалары халық пен Үкімет тарапынан қолдау тапқаны анық.
Аталған тұжырымдамалар аясында бүгінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Парламент депутаттары бұл тұжырымдамаларды қалай бағалайды? Осы және өзге де сауалдарды Caravan.kz тілшісі ҚР Мәжіліс депутаты Динара Рүстемқызы Наумоваға қойып көрген еді.
— Динара ханым, алдымен сұхбатқа уақыт тауып, уақытыңызды бөлгеніңізге алғыс айтқымыз келеді. Өзіңіз білесіз, мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын үнемі айтып келеді. Халық қалаулысы ретінде, осы бағдарламаның жүзеге асырылу деңгейіне қандай баға бересіз?
Мемлекет басшысының жолдауы — өміріміздің барлық саласын жаңғыртуға арналған жүйелі бағдар болды. Бүгінде сайлау жүйесіндегі реформалардан бастап, Парламенттің рөлін күшейту, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және ресурстарды әділ бөлуге дейін қойылған міндеттердің елеулі бөлігі іске асырылды. Әрине, бұл процесс жалғасуда, бастысы формалды жүзеге асыру емес, азаматтардың өмірінде өзгерістердің нақты сезілуі. Біз оң динамиканы байқаймыз, бірақ алда атқарар жұмыс та аз емес.
— Сол сияқты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Адал азамат» тұжырымдамаларына тоқталып өтсек. Қазір бұл бағдарламалар Парламент пен мемлекеттік органдардың қызмет тәжірибесіне қаншалықты енді деп ойлайсыз?
Иә, бұл бағдарламалар да бүгінде барлық мемлекеттік органдар мен Парламент тарапынан қолдау тапты. Бүгінде парламенттік тыңдаулар, депутаттық қабылдаулар, азаматтардың өтініштерімен жұмыс барынша ашық жүргізіледі. Бұл жерде бастысы тек коммуникация ғана емес, көзқарастың да өзгеруі, яғни халықтың мұң-мұқтажын түсіну, тыңдау және шешім табуға ұмтылу.
— Осы орайда мынадай заңды сұрақ туындап отыр. Азаматтардың өтініштеріне билік жедел жауап беру үшін нақты қандай тетіктер енгізілді? Мысалы, онлайн-қабылдау, виртуалды кеңес беру, қоғамдық кеңестер және т.т. дегендей…
Иә, сұрағыңыз өте орынды. Қазір биліктің халыққа жақындауына бірегей мүмкіндік беретін құралдар жүйесі қалыптасты десек артық айтқанымыз емес. Яғни, бүгінде билік цифрлық платформаларды, қоғамдық кеңестерді және ашық диалог алаңдарын дамыту арқылы халыққа анағұрлым қолжетімді әрі жедел әрекет ететін деңгейге жетті.
Ал, ең басты өзгеріс бұл тек формат қана емес, ол өзара іс-қимыл мәдениетінде болып отыр, яғни, билік формалды түрде емес, адамдардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, мән-мағыналы түрде тыңдап үйреніп келеді.
— Қазақстанда халық тарапынан қолдау тапқан тағы бір бастама ол — «Адал азамат» тұжырымдамасы. Сіздің ойыңызша, бұл идеология білім беру, мемлекеттік қызмет, бизнес салаларында қаншалықты жүзеге асып жатыр?
Иә, бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда. Білім беру жүйесінде азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға жаңа тәсілдер енгізілуде, мемлекеттік қызмет этикасы бойынша бағдарламалар іске асырылуда, бизнестің әлеуметтік белсенділігі ынталандырылуда. Дегенмен, «Адал азамат» құндылықтары жүйелі түрде — отбасы, білім беру, БАҚ және қоғам көшбасшыларының жеке үлгісі арқылы нығаюы тиіс деп ойлаймын.
— Жалпы, «Адал азамат» бағытында жастарды, азаматтық бастамаларды және білім беру саласын қолдаудың қосымша шаралары жоспарда бар ма?
Әрине, жастарды қолдау басым бағыттардың бірі. Қазірдің өзінде тағылымдамалар, әлеуметтік жобаларға гранттар, волонтёрлік пен жергілікті өзін-өзі басқаруға жастарды тарту бағдарламалары іске асырылуда. Ең бастысы әрбір жас өз әлеуетін көрсете алатынын, қоғамға пайда тигізіп, адалдық пен әділдік қағидаттарына адал бола алатынын сезінуі тиіс.
— Мемлекет басшысының Жолдауы «Әділетті Қазақстан» құру бағытын айқындады. Осы ретте, азаматтық қоғам, ҮЕҰ және билік (оның ішінде өңірлік деңгейде) арасындағы өзара іс-қимыл осы идеалдың ілгерілеуіне қаншалықты ықпал етеді деп ойлайсыз?
Қазір билік пен қоғам арасындағы диалог ілгерілеудің басты факторы. Қоғамдық кеңестер мен сараптамалық алаңдар белсенді дамып келеді. Азаматтық ұйымдардың қатысуы шешімдердің ашықтығын арттырып, сенімнің нығаюына жол ашуда. «Әділетті Қазақстан» — бұл ең алдымен ашық коммуникация мен ел болашағына деген ортақ жауапкершілік деп айтар едім.
— Алдағы уақытта осы тұжырымдамалардың жүзеге асырылуын күшейту мақсатында қандай заңнамалық бастамаларды қолдауды немесе ұсынуды жоспарлап отырсыздар?
Басымдық берілетін бағыттар — мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейту, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету және халықтың әлсіз топтарын қорғау.
Сонымен қатар, жастар саясаты мен азаматтық бастамаларды қолдау туралы заңнаманы жетілдіру де маңызды деп ойлаймын.
— Егер осы тұжырымдамалар табысты жүзеге асырылып жатса, бес жылдан кейінгі Қазақстанды қандай деп елестетесіз? Азаматтардың күнделікті өмірі, мемлекеттік қызметтер, қоғамдағы белсенділік қалай өзгереді?
Бес жылдан кейін біз әр азамат өзін қорғалған, болашағына сенімді сезінетін елді көруіміз керек. Мемлекеттік қызметтер ашық әрі әділ ұсынылады, ал мүмкіндіктер баршаға тең болуы тиіс. «Әділетті Қазақстан» — бұл қоғамның сенімі, онда мемлекет халыққа қызмет етеді, ал азамат ел өміріне белсенді қатысады.
— Осы бағытта өзіңіз мүше болып отырған «Respublika» партиясы қандай жұмыс атқарып жатыр?Қысқаша тоқталып өтсеңіз?
«Respublika» партиясы мемлекет басшысының реформаторлық бағытын алғашқы күннен бастап белсенді қолдап келеді. Біз азаматтармен кері байланысты нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, өңірлерде кездесулер мен талқылаулар өткізіп, қоғам сұранысын бейнелейтін бастамаларды ұсынып отырмыз. Әсіресе, әлеуметтік әділдік, кәсіпкерлікті қолдау, жастар саясаты мен адами капиталды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлеміз. Біздің мақсатымыз жай ғана саяси күш болу емес, қоғам мен билік арасындағы шынайы дәнекерге айналу.
Әңгімеңізге рахмет!