Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларының энергетика министрлері Қамбарата ГЭС-1 жобасы бойынша екінші министрлік дөңгелек үстелін өткізді , деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2025 жылғы 26–27 мамыр күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында Қамбарата Гидроэлектр станциясы-1 (ГЭС-1) жобасы бойынша екінші министрлік дөңгелек үстелі өтті. Бұл жоба – Орталық Азиядағы энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған маңызды өңірлік бастама. Іс-шара Дүниежүзілік банктің қолдауымен ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына үш елдің энергетика министрлері бастаған делегациялар қатысты: Ерлан Ақкенженов (Қазақстан), Таалайбек Ибраев (Қырғыз Республикасы) және Джурабек Мирзамахмудов (Өзбекстан).
Делегация құрамына осы елдердің қаржы және су ресурстары министрліктерінің жоғары лауазымды өкілдері де кірді. Негізгі талқыланған тақырып – Қырғыз Республикасындағы Нарын өзенінде қуаты 1860 мегаватт болатын Қамбарата ГЭС-1 жобасын жүзеге асыру бойынша келесі қадамдар болды. Жоба үш ел үкіметінің бірлескен күшімен жүзеге асырылуда.
Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан үкіметтері Дүниежүзілік банкке жобаны әзірлеуде техникалық көмек көрсету туралы өтініш білдірді. Бұл көмекке жаңартылған техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) дайындау, жобаның экологиялық және әлеуметтік салдарын бағалау, сондай-ақ тұрақты қаржыландыру моделі мен коммерциялық құрылымды әзірлеу кіреді.
Дөңгелек үстел жұмысына Дүниежүзілік банктің жоғары лауазымды өкілдері де қатысты, оның ішінде Орталық Азия бойынша директоры Татьяна Проскурякова, Еуропа және Орталық Азия (ЕОА) бойынша стратегия және операциялар директоры Каролина Санчес-Парамо, ЕОА өңіріндегі инфрақұрылым бойынша аймақтық директор Чарльз Джозеф Кормье және энергетика бағдарламаларының жетекшісі Стефани Гил.
Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдері арасындағы энергетикалық және су қауіпсіздігі мәселелері бойынша бұрын-соңды болмаған ынтымақтастық деңгейін құптайды. Біз басқа халықаралық ұйымдармен серіктестікте Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан үкіметтерінің Қамбарата ГЭС-1 жобасын жүзеге асыруға бағытталған күш-жігерін қолдауға қуаныштымыз. Бұл жоба бүкіл өңір мен оның халқы үшін елеулі экономикалық және әлеуметтік пайда әкеледі, - деп атап өтті Орталық Азия бойынша Дүниежүзілік банк директоры Татьяна Проскурякова.
Министрлер өз мемлекеттерінің жобаны жүзеге асыруға саяси бейілділігін растады. Жоба өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудың және Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытудың катализаторы ретінде қарастырылады.
Қамбарата ГЭС-1 жобасын ілгерілету – біздің үш ел арасындағы тығыз әрі тиімді ынтымақтастықтың нәтижесі. Қазақстан бұл бастамаға берік бейілді және өңірдің энергетикалық дамуы саласындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін серіктестерімен белсенді ынтымақтастықты жалғастырады, – деді Қазақстан энергетика министрі Ерлан Аккенженов.
![]()
Қамбарата ГЭС-1 – Қырғыз Республикасының энергетикалық даму стратегиясының негізі және Орталық Азия болашағы үшін аса маңызды жоба. Біз оны Қазақстан мен Өзбекстанмен тығыз серіктестікте, су ресурстарын тұрақты пайдалану мен өңірлік энергетикалық қауіпсіздікке ортақ көзқарас негізінде іске асырып жатқанымызға мақтан тұтамыз. Біз жобаны 2025 жылы іске қосуды көздеп, сенімді түрде алға жылжып келеміз, — деді Қырғыз Республикасының энергетика министрі Таалайбек Ибраев.
Тараптар 2025 жылғы қаңтарда Ташкентте өткен алғашқы министрлік дөңгелек үстелден кейінгі жетістіктерді талқылады. Ерекше назар ТЭН мен жобаның экологиялық және әлеуметтік аспектілеріне аударылды. Қатысушылар жобаның жаңартылған сметалық құнын, энергетикалық желілерді жаңғырту қажеттілігін, халықаралық қаржы институттары мен ұйымдарының қолдауын қоса алғанда, қаржыландыру көздерін және су-энергетика саласындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын қарастырды.
Біздің өңірлік серіктестерімізбен бірге Ташкентте өткен бірінші министрлік дөңгелек үстелден кейінгі елеулі прогресті қуанышпен атап өтеміз. Біздің елдердің үйлестірілген іс-қимылы мен халықаралық қаржы институттарының қолдауы арқылы біз бұл жобаны халықаралық техникалық, экологиялық және әлеуметтік стандарттарға толық сәйкес жүзеге асыратынымызға сенімдімін, — деді Өзбекстан энергетика министрі Джурабек Мирзамахмудов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны әзірлеуге қажетті келесі шаралар мен мерзімдерді келісіп, өңірлік ынтымақтастықты жалғастыруға және жобаны жүзеге асыруды жеделдету мақсатында министрлік кездесулерді тұрақты түрде өткізуге дайын екендіктерін растады.