Әлеуметтік желілерде қазақ және орыс тілді парақшалар Шенген визасына қатысты "қазақстандықтардың Еуропа баруы қиындайды" деген ақпарат тарап жатыр. Расымен қазақстандықтардың Еуропаға баруы қиындай ма, Factcheck.kz тексеріп көрді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл — манипуляция. 12 қазаннан бастап Еуроодақ елдері Entry/Exit System (EES) деп аталатын жаңа жүйені іске қосады. Жүйе бойынша бұрынғыдай паспортқа мөр басудың орнына азаматтардың биометриялық деректерін (саусақ ізі мен бет-бейнесін) автоматты түрде тіркейді.
Бұл "Еуропаға бару қиындайды" дегенді білдірмейді, керісінше шекарадағы тексерісті оңтайландырады. Демек, жаңа жүйенің Шенген аймағына виза беру/бермеуге ешқандай қатысы жоқ.
EES – бұл Еуроодаққа кірмейтін, қысқа мерзімді сапармен жол жүретін әрі шенген аймағынан өтетін азаматтарға арналған автоматтандырылған IT жүйе. Жүйе адамның аты-жөнін, жол жүру құжаты деректерін, биометриялық деректерді (саусақ ізі мен бет-бейнесін) және кіру-шығу уақыты мен орнын тіркеп, деректердің қорғалуын қамтамасыз етеді. 2025 жылдың 12 қазанынан бастап Шенген келісіміне кіретін елдер жүйені біртіндеп енгізіп, 6 ай ішінде толығымен аяқтауы тиіс. Ал 2026 жылдың 12 сәуірінен бастап EES жүйесі толығымен еніп, паспортқа мөр басуды айырбастайды. Еуропалық комиссияның жазуынша, бұл шенген аймағында жүру мерзімі өтіп кеткен жолаушыларды автоматты түрде анықтауда көмегін тигізеді. Сонымен қатар, жүйе бұрынғыдан қарағанда жылдам әрі ыңғайлы болады және өзін өзі қызмет көрсету алаңдары пайда болады дейді.
2025 жылы 27 наурызда Council of the European Union (ЕО Кеңесі) Қазақстанмен визаны жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздер жүргізуге рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Келісім шеңберінде Қазақстан азаматтарына виза рәсімін жеңілдету, дәлірек айтсақ: өтініш мерзімін қысқарту, құжаттар тізімін азайту, визалық төлемдерді арзандату және т.б. Дегенмен келіссөөдер жүргізілгенімен құжатқа әлі қол қойылған жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!