Шанхай Ынтымақтастық ұйымы жасанды инеллектіні дамытуда әлемде көш бастай алады. Қазақстан осы саладағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құруды қолдайды. Тяньцзиньде өткен басқосуда Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді . Таяу уақытта ұйымның даму банкі де құрылуы мүмкін. Қазақстан Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, бұл жобаға атсалысуға әзір екенін айтты. Ал сауда-саттықты арттыру үшін Астанада кәсіпкерлерге қолдау көрсететін арнайы кеңсе құрылмақ. Жиында жаһан жұртының назарын аудартқан тағы қандай бастамалар көтерілді? Қытайдан әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Қарулы қақтығыстар, сауда соғысы, санкциялар мен саяси салқын қарым-қатынастар. Биылғы саммит әлемдегі күрделі кезеңде өтіп жатыр. Осы ретте биылғы Тьянцзньдегі басқосу Шанхай рухын ілгерілету ұранын ұстанған. Яғни мемлекеттер достық, тату көршілік, тең құқықтық және өзара қолдаудың негізінде жұмыс істеу керек екенін алға тартады.

20-дан аса елдің басшылары, 10 шақты халықаралық ұйым жетекшілері. Саммит қатысушыларының құрамы салмақты. Қонақтар көп болғанымен Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген ерекше ілтипат ә дегеннен-ақ байқалады.

Иә, Тянцзинь төріндегі жиынға әлем елдері ерекше көз тігіп отыр. Бұл ұйым тарихындағы ең ауқымды саммиттің бірі. Әр мәлімдеме лезде жер-жиханға тарап жатыр. Маңызды басқосудан ақпарат тарату үшін 3 мыңға жуық журналист келген.

Тиімді әрі ықпалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының әлемде беделі артып келе жатқанын айтты. Ендігі басым бағыттарға қатысты пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.

Иә ұйымның басты күші – «Шанхай рухы» ұстанымы. Оның негізгі мақсаттары да осыған негізделген. Яғни өзара сенім мен пайдаға, теңдік пен құрметке және ортақ даму қағидаты басты орында. Әр шешім тек консенсуспен қабылданады. Яғни барлық елдің пікірі ескеріледі.

Қазбек Майгелдинов, Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы:

Бүгінгі таңда ШЫҰ халықаралық аренадағы арбитрлар қатарына қосылатын ұйым ретінде өзін көрсеткісі келеді. Оның да өзінің алғышартттары бар. Қытай ШЫҰ арқылы көрсетіп отыр кез-келген мәселені біз консенсупен шешуімі керек дейді. Яғни бір мемлекеттің айтқаны болмауы керек дейді. БҰҰ қауіпсіздік кеңесін қарайтын болсаңыз ол жердегі негізгі мемлекеттердің вето қою құқығы бар. 5 мемлекет қолдап отырса 6-мемлекет қолдамаса ол шешім қабылданбайды. Міне осындай болмасын дейді Қытай. Бұл біз үшін жақсы нәрсе. Қазіргі әлемде бұрынғыдай екі полярлы әлем емес. Қазір копполярлы әлем. Қазір Түркия да күш, қазір Үндістан да күш. Қазақстан да дипломатиялық тұрғыдан күш бола алады.

Ширек ғасырда «бестіктен» «ондыққа» айналған ұйым қазір әлемнің 45 пайыз халқы, яғни 3 жарым млрд-қа жуық адам тұратын ауқымды нарық. Ұйымға мүше елдерге әлемдік экономиканың үштен бірі, сауда айналымының 15 пайызы тиесілі. Осындай экономикалық әлеуеті, адами ресурсы мен саяси салмағы бар ұйым әлемде қалыптасқан ахуалға ықпал етуге мүдделі.

Жиында Қытай төрағасы Си Цзиньпин құрылымның есірткіге қарсы орталығын жедел ашуды ұсынды. Сонымен қатар әлемдегі көпжақты сауда жүйесінің ережесін сақтауға шақырды.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

Шанхай Ынтымақастық ұйымы елдері өз нарықтарының мүмкіндіктерін және экономикаларының өзара толықтырылуын тиімді пайдаланып, сауда мен инвестиция үдерістерін жеңілдетуі тиіс. Сонымен қатар энергетика, инфрақұрылым, цифрлық экономика, инновация және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды. Яғни ортақ болашақ жолында өзара қолдау көрсету арқылы жаңғыруға бірге қадам басуымыз қажет.

Астанада ШЫҰ кеңсесі ашылуы мүмкін

Ұйым елдері арасындағы сауда-саттық қарқынды өсіп келеді. Былтыр ол 650 млрд доллардан асқан. Мемлекет басшысы оған серпін беру үшін Астана халықаралық қаржы орталығында инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін кеңсе құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанның ұйым елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан Шанхай Ынтымақастық ұйымының даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, бұл перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ұйымның Кеңсесін құруды ұсынамын.

Қазақстан «Трансалтай диалогы» бастамасына қолдау білдірді

Экономика күретамыры жол. Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстанның логистикадан пайда табуға мүмкіндігі мол. Қазір Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын тауардың 80 пайызы біздің ел арқылы өтеді. Тағы бір мега жоба «Трансалтай диалогы» бастамасы көтеріліп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бір белдеу, бір жол» бағыты бойынша сауда-логистикалық операциялардың барлық қатысушысына жыл сайын 1,5 триллион долларға дейін пайда әкеле алады. «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Бұл жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады.

Жасанды интеллект саласында әлемдік ұйым құру ұсынылды

2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетеді деген болжам бар. Осылайша бұл сектордың әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаймақ. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажеттігіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Басқа стратегиялық бағыттарға қарағанда аталған саланың дамуы өте жылдам. Жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда Шанхай Ынтымақастық ұйымы әлемде көш бастай алады деп есептеймін. Сондықтан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Мұндай өте маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз.

Президент: Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажет

Бірлестік отырысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы плюс форматында жалғасты. Яғни 2 бақылаушы және 14 диалог мүшесі де үстел басына жайғасты. Бұл формат былтыр алғаш рет Астанада сәтті жүзеге асқан. Осы жиында да сөз алған Мемлекет басшысы бірқатар маңызды бастама көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргідей өте күрделі геосаяси жағдайда Біріккен Ұлттар Ұйымын әмбебап әрі тәуелсіз құрылым ретінде қолдауымыз керек. Осы орайда ұйымды, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда, басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымына сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін.

Президент экология мәселесін айта келе, Каспий жағдайына тоқталды. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін екенін айтты. Ұйым аясында су мәселелерін зерттейтін орталық ашуды ұсынды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Саммит қорытындысы бойынша елдер басшылары 20 құжатқа қол қойды. Ең сүбелісі Тяньцзинь декларациясы мен ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы. Ал төрағалық міндеті енді Қырғыз еліне өтеді. Қазақстан тарапы болса 2027 жылы жасанды интеллект тақырыбында ауқымды конференция ұйымдастыруға ұсыныс білдірді.

Шерхан Жамбылұлы