Жалпы әлемде көштің көбеюі- бір елден бір елге көшу ғана емес. Ауылдан қалаға қашып жатқандар да аз емес. Қазір адамзаттың жартысынан астамы шаһарларда өмір сүреді. Біздің елде де от жақпай, мал бағып, өріс кезбей қолын жылы суға салып отырған қалалықтардың үлесі басым. Бірақ жұрттың бәрі жайлы өмірге құштар деп тағы айта алмаймыз. Өйткені кей өңірлерде ауылда тұратындардың қарасы көбейген. Бұл қай өңірлер?
Қазір жер шарында 8 миллиардтан аса адам бар. Оның басым бөлігі қалада тұрады. Кейінгі жарты ғасырда шаһар халқы тез көбейді. Мәселен, 1950 жылы жердегі адамның 70 пайызы ауылда өмір сүрген еді. Қазір 62 пайыздан асып отыр. Ал алдағы жылдары қалалықтардың үлесі тағы өспек. Біріккен ұлттар ұйымының болжамы бойынша енді 25 жылда 70 пайызға жетеді.
Урбандалу деңгейі бойынша Қатар мемлекеті көш бастап тұр. Қатарлықтардың 99 пайызы қалада тұрады. Сондай-ақ Бельгия, Аргентина, Жапонияда қалалықтар үлесі жоғары. Бұдан бөлек Бразилия, Аустралия, Ұлыбритания және Германия тұрғындарының дені қалада тұрғанды жөн көреді. Құрама штаттар халқының 83 пайыздан астамы да жайлы пәтер, жеңіл жұмысты таңдапты. Солтүстіктегі көршіміз Ресейдегі урбандалу 75 пайызға жетті. 1 млрд 400 млн тұрғыны бар Қытайда қалалықтар үлесі 63 пайыздан асты. Ал екі жыл бұрын халық санымен Қытайды басып озған Үндістанда бұл көрсеткіш төмен. Үнді жұртының небәрі 40 пайызға жуығы қалада тұрады екен. Дегенмен бұл көрсеткіш таяу арада өзгереді дейді мамандар. Себебі жақсы өмір, жайлы тұрмыс іздеген жандар қалаға ағылады.
Аяулым Сағынбаева, демограф:
- Ауылдан қалаға көшу мәселеге қарайтын болсақ, кез келген көші-қон, цифраларды көрген кезде, бұл біз тек қана салдары ретінде қарастыру керекпіз. Яғни не себепті халық көшеді? Бірінші кезекте экономикалық тұрақсыздық болған кезде көшеді. Екіншіден, әлеуметтік тұрақсыздық болған кезде көшеді. Үшінші кезекте жаңағы экология мәселелеріне байланысты.
Елде қала халқының үлесі басым
Елде де қала тұрғындарының үлесі басым. Ұлттық статитика бюросының 1 шілдедегі есебіне сүйенсек, 20 млн 400 мың адамның 12 млн 899 мың 400-і қалада тұрады. Қала жұрты ақырындап көбейіп келеді. Егер 2010 жылы халықтың – 56,3 пайызы, 2015 жылы – 57,4 пайызы, 2020 жылы 59 пайызы қалада тұрса, биыл 63,3 пайызға жетті.
Халық саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Мегаполисте 2 млн 300 мыңнан астам адам бар. Бұдан кейін Түркістан облысында – 2 млн 200 мың адам, Алматы облысында 1 млн 600 мыңның үстінде адам тұрады. Елорда тұрғыны 1,5 млн-нан асса, шымкенттіктер саны 1 млн 300 мыңға жуықтап отыр. Яғни мегаполистегі тұрғындар жыл санап бірнеше мыңға көбейіп келеді. Ал Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында халық аз.
Аяулым Сағынбаева, демограф:
- Астана қаласының халқының санының көбеюі, 70 пайызы осы көші-қон есебінен болып отыр. Алматыда да халықтың жартысы осы көші-қон есебінен көбейеді. Шымкентте, енді ең аз мәселе бұл, яғни Шымкент көбіне, әрине табиғи өсім, туу деңгейі арқылы көбейіп тұр. Бірақ дегенмен де, мұнда біз бір ерекше паника қылып қабылдамауымыз керек.
Атырау мен Маңғыстауда ауыл халқы көп
Иә, елде қала жұрты өскенімен, ауыл халқы көбейген өңірлер де бар. Мәселен, Атырау облысындағы ауылдарда тұратын ағайын жыл ішінде 1,4 пайызға артып, 322 мыңға жетті. Ал Маңғыстау облысындағы өсім 1 пайызға жуықтады. Қазір маңғыстаулықтардың 435 500-і ауылда тұрады. Мамандар ауыл халқының қалаға көптеп көшуінің бірнеше себебін атайды. Әсіресе қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы мен халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға ұмтылысын ерекше атап көрсетеді. «Сонымен қатар кез келген жан өзін өзі дамытуға қалалық жерде мүмкіндік зор есептейді», — дейді сарапшы.
Аяулым Сағынбаева, демограф:
- Потенциалды ашу, адами капиталдың дамуы, бәрібір айналып келген кезде қаланың ішінде ғана болады. Өйткені кез келген, мысалы, суретші болсын, мүсінші болсын, экономист болсын, тарихшы болсын, политолог болсын, кім болсын, ол ауылда тұрып дами алмайды. Әрине, дистанционды түрде, дистанционды еңбек арқылы жүзеге асыруға болады деп айтамыз. Бірақ дегенмен де қалада болған мүмкіндіктер ауылда болмайды.
Мегаполистер ұлғайып келеді
Халық жиі қоныстанатын өңірлер тізімінің басында Астана тұр. Жыл ішінде Есіл жағасына қазық қаққандар қарасы 80 мыңнан асты. Екінші орында – Алматы қаласы. Алатау бөктеріндегі шаһарға 72 500 адам көшіп барған. Ал алғашқы үштікті Алматы облысы түйіндейді. Өңірге 50 мыңға жуық адам қоныс аударды.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап