Шымкент сотында балаларын қинап, оларға қатыгездік көрсетті деп айыпталған 30 жастағы Гүлмира Ергешоваға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сот талқылауы барысында әйелдің ұлы мен қызына жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетіп, моральдық зорлық-зомбылық жасағаны анықталды. Ол қаңтар айында балаларын мұздай суға түсуге мәжбүрлеп, азаптаған.

Іс материалдарына сүйенсек, әйел 9 жасар ұлының темекі шегіп отырғанын көріп, оны аяусыз ұрып-соққан. Кейін шанышқыны отқа қыздырып, баланың аузын күйдірген. Келесі күні ұлы кешірім сұрағанына қарамастан, оған қайтадан дене жарақаттарын салған.

Арада бірнеше күн өткенде әйел ұлы мен 11 жастағы қызын «10 мың теңге ұрлады» деп айыптаған. Жаза ретінде қыздырылған үтікпен ұлының бетін, ал қызының ішін күйдірген. Осыдан кейін балалардың шашын тақырлап алып тастап, оларға ауыр психологиялық зиян келтірген.

Сотта әйел өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты және өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Алайда судья істің ауырлығын ескере келе үкім кесті.

Сот Гүлмира Фархатқызы Ергешованы кінәлі деп танып, оған 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде белгіленсін, – деп мәлімдеді судья.

Алайда сотталушы үкіммен келіспей, қылмыстық әрекеттерге барған сәтте аффект (жан күйзелісі) жағдайында болғанын алға тартты. Оның сөзінше, ол бірнеше жылдан бері күйеуі мен оның туыстары тарапынан қысым көріп келген.

Екі жақтан да — менің де, күйеуімнің де тарапынан қысым болды. Өмірімнің он жылын өткіздім, тағдырым тас-талқан болды. Енем мен күйеуімді Аллаға тапсырдым, жазаларын алсын. Балаларымды мемлекеттің қамқорлығына қалдыруды сұраймын. Олар менің балаларымның ақшасына күн көріп отырды. Мұның бәрін айтып жеткізе алмаймын. Бұл кек алу емес, мен аффект жағдайында болдым. Көзіме ештеңе көрінген жоқ, – деді сотталушы.

Шымкент сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйел ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтары (Кәмелетке толмағандарды азаптау) бойынша кінәлі деп танылды. Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін мойындауын ескерді.

Сондай-ақ сотталушының қазіргі уақытта ата-ана құқықтары шектелгені белгілі болды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.