Жыл басынан бері елдегі 16 мыңға жуық нысанда қауіпсіздік талаптары тексерілді, деп хабарлайды 24KZ. Соның жартысына жуығы ережені өрескел бұзғаны анықталып, жұмысы тоқтатылды. Биыл елде Мемлекет басшысының жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Еңдеше қарапайым еңбек адамының амандығын қамтамасыз етуде жауаптылар қандай қам-қарекет жасап жатыр? Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе қаралды.
Елдегі 400 мыңнан астам жұмыс орны адам өмірі үшін зиянды саналады. Былтыр соның 7,5 мыңнан астамы қызметін тоқтатты. Дегенмен өндіріс орнындағы оқыс оқиғадан 1408 адам зардап шегіп үлгерген. Тіпті жазатайым жағдайлардың арты өлімге себеп болған жайттар аз емес. Өткен жылы 200-ден астам адам еңбек жағдайында көз жұмды.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын өрескел бұзушылықтарға байланысты 7,5 мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтатылды. Атап айтқанда, өртке қарсы автоматика жүйесінің болмауы немесе оның дұрыс жұмыс істемеуі, жұмысшыларды қызметке оқытып-үйретпей, нұсқаулық жүргізбей жіберу, эвакуациялық шығу жолдарына кедергі келтіріп, бітеп тастау сияқты өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан объектілердің 95%-і тоқтатылды.
Әсіресе өңдеу, тау-кен өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында сын-қатерлер басым. Мамандар: «Бұған техникалық базаның ескіруі себеп болуы мүмкін», – дейді. Қазіргі таңда өндірістік жағдайы мардымсыз 50-ден астам кәсіпорын анықталды.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Өткен жылдан бастап кәсіпорындар қайта жаңғыртуды көздейтін іс-шараларға айтарлықтай қаржы бөле бастады: техникалық жағдайды қолдауға 83 миллиард теңге, жаңғыртуға 202 миллиард теңге, өндірістерді кеңейтуге 148 миллиард теңге салды. 2028 жылға дейін тау-кен металлургия кешенінің ірі кәсіпорындары энергия тиімділігін арттыру, экологияға кері әсерін азайту және еңбек жағдайларын жақсарту үшін өндірісті жаңғыртуға 1,8 триллион теңге көлемінде инвестиция бөлуді жоспарлаған.
Адам шығынын азайтып, еңбек жағдайларын жақсартуға цифрлық технологияның да септігі зор. Осы мақсатта Еңбек тәуекелі картасына енгізілді. Цифрлық құрал қаупі жоғары өндіріс ошақтарын автоматты түрде анықтайды. Яки жарақаттану ықтималдығы, кадр тұрақсыздығы, кәсіподақтың болуы секілді бас-аяғы 23 көрсеткіш бойынша талдау жүргізеді.
Бұған қоса енді еңбек қауіпсіздігі мамандары өз елімізде даярланбақ. Қолдағы күрес шаралары тиімсіз екенін жеткізген Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмысты барынша ширатуды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мәселерін шешуді нақты тапсырды. Өкінішке қарай, бақылаудың жеткіліксіз екенін айтуға тура келеді. Жазатайым оқиғаларды азайту үшін жұмыс берушілер жарақаттануға, әсіресе адам өліміне алып келетін жағдайларды болдырмайтын еңбек қауіпсіздігін, сондай-ақ автоматтандыру мен цифрландыруды қамтамасыз етуге міндетті.
«Ведомстволар арасында қоян-қолтық жұмыстың болмауы ахуалды толық айқындауға кедергі», – дейді сала өкілдері. Аталған талаптарды белден басатын кәсіпкерлер де аз емес. Десе де қауіпсіздік талаптарына немқұрайлы қарағандарға жаза қатаң.
Егер мекемеде 1 адам қайтыс болса, жұмыс беруші 3 жылға темір торға қамалуы мүмкін. Ал егер 2-ден көп адам қаза болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Нұрғали Мамырбаев