Маусым айының үшінші жексенбісінде әлем елдері Әкелер күнін атап өтеді. Әкелер күні – әлемнің көптеген елдерінде аталып өтетін отбасы мерекесі. Бұл күн әкенің бала тәрбиесіндегі, отбасындағы рөлі мен жауапкершілігін бағалап, құрмет көрсетуге арналған . Көп жағдайда аналар туралы жиі айтылады, ал әкелердің бала тәрбиесіндегі, ұрпақ жалғастығындағы миссиясы тасада қалып жатады. Дегенмен, бүгінде әлемде де, Қазақстанда да әкелер мәртебесін көтеруге бағытталған түрлі бастамалар бар.

Тарихы мен таралуы

Әкелер күнін атап өту алғаш рет 1910 жылы АҚШ-тың Вашингтон штатында қолға алынған. Оның бастамашысы – Сонора Смарт Додд есімді қыз. Ол азаматтық соғыста қызмет еткен, алты баланы жалғыз өзі өсірген әкесінің құрметіне бұл мейрамды орнатуды ұсынған. Бұл бастама қолдау тауып, алғаш рет 19 маусым 1910 жылы Вашингтон штатында Әкелер күні аталып өтеді.1972 жылы АҚШ президенті Ричард Никсон бұл күнді ресми мереке ретінде бекітеді. Содан бері бұл дәстүр бірқатар елдерге тарады. Бүгінде Әкелер күні АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Үндістан, Филиппин, Оңтүстік Корея және басқа да ондаған елде кең көлемде аталып өтеді. Әлем елдерінің көбінде ол маусымның үшінші жексенбісіне сәйкес келеді, бірақ кейбір мемлекеттерде нақты тарихи немесе мәдени себептерге байланысты басқа күндерде өткізіледі. Мәселен АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Үндістан – маусымның үшінші жексенбісінде, Германия – мамыр айында, Италия, Испания, Португалия – 19 наурыз (Католик мерекесі – Әулие Жүсіп күні), Аустралия, Жаңа Зеландия – қыркүйектің бірінші жексенбісінде, Швеция, Норвегия, Финляндия, Исландия – қараша айының екінші жексенбісі, Оңтүстік Корея – 8 мамырда, бұл күнде «Ата-ана күні» бір күнде атап өтіледі. Таиландта Әкелер күні – 5 желтоқсанда, бұрынғы король Рама IX-ның туған күнімен орайластырылған. Мексикада бұл күн отбасылық мерекеге айналған, бірақ ресми демалыс емес. Непалда Әкелер күні "Кусе Ауси" деп аталып, Ай күнтізбесімен қыркүйекке сәйкес келеді.

Әкелер күніне орай жыл сайын әлемде 1 млрд-тан астам құттықтау ашық хаты сатылады. АҚШ-тағы ең көп сатылатын сыйлықтардың қатарына әтір, сағат пен құрал-сайман жиынтықтары кіреді. Жапонияда Әкелер күні – отбасылық дәстүрлі кешкі ас арқылы атап өтіледі, ал балалар әкелеріне өз қолымен жасаған бұйымдарды сыйлайды. Финляндияда бұл күн жұмыс берушілер тарапынан құрметке ие: көптеген компаниялар әкелерге арнайы демалыс береді.

Әкелер күнін атап өтудің басты мақсаты – ер адамның отбасы алдындағы еңбегін ескеріп, баланың тұлғалық дамуына қосатын үлесін насихаттау. Көп елде бұл күн отбасылық отырыстармен, әкелерге арнап сыйлық беру, жылы лебіз айту дәстүрімен өтеді.

Мифологиядағы әке бейнесі

Адамзаттың көне рухани мәдениетінен бастау алатын мифология – әр халықтың дүниетанымын, құндылықтарын, өмірге көзқарасын білдіретін шежіре. Сол мифтік әлемде әке бейнесі ерекше рөл атқарады. Ол – тек биологиялық ата-ана емес, көбіне бүкіл әлемнің жаратушысы, билеушісі, кейде қатал заңның иесі немесе құрбан болатын қасиетті кейіпкер.

Көптеген мифтерде әлемнің бастауында әке бейнесіндегі құдай немесе рухани күш тұрады. Мысалы Грек мифологиясында Уран – аспан құдайы, Жер-Ана Геямен одақтаса отырып, титан ұрпағын дүниеге әкелген. Бірақ ол өз балаларынан қорқып, оларды жер қойнына қайта қамап тастайды. Бұл оның әкелік рөлінің қарама-қайшылығын көрсетеді – ол әрі жаратушы, әрі жойқын күш иесі.

Рим мифологиясында Юпитер (Зевстің баламасы) – құдайлар мен адамдардың әкесі, найзағайдың иесі. Ол әділеттің, тәртіптің сақшысы ретінде көрінеді, бірақ кейде қаталдығы мен ашу-ызасы да сипатталады.

Египет мифологиясында Осирис – даналық пен егіншілік құдайы, әке ретінде ұлы Хорусты әділет үшін күреске тәрбиелейді. Оның өлімі мен қайта тірілуі – рухани құрбандық пен әкелік махаббаттың символы.

Әке образы кейде заң мен тәртіптің бастауын білдіреді. Бұл тұрғыда әке – қоғамды, әлемді реттеуші. Мысалы Түркі-моңғол мифологиясында Көк Тәңір – бүкіл әлемнің иесі, ата-баба рухтарының төресі. Ол әділ, бірақ қатаң жаратушы ретінде сипатталады. Көк Тәңір балалары – адамдарға бағыт береді, сынақ жібереді.

Ал Қазақ аңыз-мифтерінде кейіпкердің атасы немесе әкесі – рухани тәлім беруші. Мысалы, Алпамыстың әкесі Байбөрі – батырдың жолына ақыл берген, оны ел үшін тәрбиелеген тұлға.

Кейбір мифтерде әке бейнесі – құрбандық пен қайғының символына айналады. Скандинав мифологиясында Один – даналық пен соғыс құдайы. Ол әлемнің сырын тану үшін өз көзін құрбан еткен, әрі баласы Бальдрдің өліміне қайғырып, әлемнің тағдырын өзгертуге тырысады.

Кей христиандық мифологияда Құдай – аспандағы Әке ретінде Иса Мәсіхті адамзаттың күнәсі үшін құрбандыққа жібереді. Бұл әкелік махаббаттың шексіздігін білдіреді.

Мифологиядағы әке бейнесі – көпқырлы. Ол әлемнің бастауындағы құдірет, ел мен жерді билеген әмірші, баласының тағдыры үшін күрескен рухани ұстаз, кейде өз перзентіне қорған бола алмаған трагедиялық кейіпкер. Мұндай бейнелер халық санасында әкенің орны, миссиясы мен жауапкершілігін терең әрі символдық деңгейде түсінуге мүмкіндік береді.…

Бүгінгі қоғам да осы мифтер арқылы әке тұлғасын қайта зерделеуге, оның отбасындағы ғана емес, ұлттық дүниетанымдағы рөлін байыптауға ұмтылуда.

Тарихтағы әкелер рөлі

Адамзат тарихының қай кезеңін алып қарасақ та, әке тұлғасы – отбасының тірегі, қоғамның негізі, ұлттың рухани өзегі ретінде маңызды рөл атқарып келген. Әкенің отбасындағы орны – баланың дүниетанымын қалыптастыратын, ұрпақтың тәрбиесі мен елдің болашағына әсер ететін айрықша миссия.

Ежелгі Грекия мен Римде әке – патриарх, яғни отбасының билеушісі саналды. «Pater familias» ұғымы – тек әулеттің басшысы емес, сонымен қатар құқықтық, экономикалық, тәрбиелік жауапкершілікті иеленуші деген мағынада қолданылды. Ол балаларының болашағына шешім қабылдаушы, тіпті өмірі мен өліміне билік етуші тұлға болатын.

Қытай өркениетінде Конфуций ілімінің өзегінде – үлкенді құрметтеу, ата-ананы сыйлау тұрса, мұндағы «фуци» (әке мен бала) қарым-қатынасы ерекше мәртебеге ие болды. Әке – өнегелі тәрбиеші, мораль үлгісі ретінде сипатталды.

Түркі халықтарында да әке рөлі қасиетті ұғыммен сабақтасқан. «Бала – әкеге қарап өседі» деген ұғым – дәстүрге айналған. Көне түркі жазбаларында ел басқарған хандардың өз баласын ел қорғауға, тәртіпке баулығаны, ақыл мен парасатқа тәрбиелегені анық көрінеді.

Ислам дінінде әке – отбасы тірегі әрі баланың дүниелік және рухани тәрбиесіне жауапты тұлға. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде «Әкенің балаға қалдырар ең жақсы мұрасы – тәрбие» деп көрсетіледі. Әкелер – тек нәпақа табушы емес, балаға дұрыс бағыт беруші ретінде бағаланады. Ұлы тұлғалардың өмірбаянында олардың әке тәрбиесі мен ықпалы жиі айтылады.

Әдебиеттегі әке бейнесі

Әдебиет – адам жанын танудың, рухани болмысты зерделеудің ең терең құралы. Осы рухани кеңістікте әке бейнесі – мәңгілік тақырыптардың бірі. Ұлттың мінезін, дүниетанымын, тарихи жадын сақтауда әдеби туындыларда сомдалған әке кейіпкерлерінің рөлі ерекше. Қазақ әдебиетінен бастап, әлем әдебиетіне дейінгі кең ауқымда әке – қайсарлықтың, даналықтың, төзімділіктің символы ретінде көркем бейнеленіп келеді.

Қазақ әдебиетінде әке – балаға өмірлік жол сілтейтін, елге ақыл айтатын, отбасын аманаттап кететін тұлға ретінде сипатталады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Құнанбай бейнесі – күрделі әрі тарихи тұлғаның көркем әдебиеттегі шынайы сипаттамасы. Құнанбай – қаталдығы мен діншілдігі, ел басқарудағы ықпалы арқылы оқырманға әкенің биік мінезін, рухани ұстаздық келбетін танытады. Ол – Абайдың ішкі қайшылықтарын оятқан, рухани толысуына түрткі болған фигура. Ыбырай Алтынсариннің шығармаларында да әке – білім мен еңбекке жетелейтін кейіпкер ретінде бейнеленеді. «Мейірімді бала» секілді хикаяттарда әкенің баласына деген өнегесі, адалдығы, ұлт тағдырына деген алаңдаушылығы көрініс табады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романында Қартқожаның әкесі қарапайым адам болса да, отбасына адал, баласының рухани жетілуіне ықпал еткен тұлға ретінде беріледі.

Шетел әдебиетінде де әке образы көркемдік пен философиялық ойдың өзегіне айналған. Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясында әкесінің кегін алу – басты кейіпкердің трагедиялық миссиясына айналады. Мұнда әке – әділет пен ардың символы.

Франц Кафканың «Әкеге хат» атты шығармасы әке мен баланың күрделі психологиялық қарым-қатынасын ашады. Бұл – автордың жеке өмірінен алынған, бір жағынан әкенің қаталдығына деген наразылық, екінші жағынан құрметі мен сүйіспеншілігі қатар өрілген шығарма.

Харпер Лидің «Құсты өлтіретін...» романындағы Аттикус Финч образы – американ әдебиетіндегі ең ұлағатты әке кейіпкері. Ол әділеттілік, гуманизм мен адамгершілік жолында балаларына рухани ұстаз бола алған заңгер әке.

Әдебиеттегі әке образы – тек бір отбасының қамқоршысы ғана емес, ұлттың рухани негізін қалыптастыратын іргетас. Әдебиет арқылы біз әкенің тек әлеуметтік емес, моральдық, мәдени және философиялық өлшемдердегі рөлін терең түсінеміз. Осы бейнелер арқылы ұрпақ өзіне жол табады, қоғам әке тұлғасының маңызын қайта таниды. Сондықтан көркем әдебиеттегі әрбір әке бейнесі – өмірлік тағылымның үлгісі, рухани көкжиектің шамшырағы.

Қазақ қоғамындағы әке институты

Қазақ халқының дәстүрлі отбасылық құрылымы мен ер-азаматтың қоғамдағы орны әлемдік зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының болмысын сырттай бақылаған шетелдік ғалымдардың бірі – М.Олкотт қазақ ерлерінің бейнесін өзіндік тұрғыда сипаттап жазып қалдырған. Оның 1920 жылы жазған жазбасында: «Қазақ ерлері досқа адал, батыр, аңқау, бірақ дұшпанына қатал болып келеді. Ата-анасын қатты сыйлайды. Қазақ ерлеріне ата-анасының айтқаны – заң. Жарына адал. Отбасын аң аулап асырайды. Балаларын өте жақсы көретін болып келеді», – деп атап көрсетіледі. Бұл тұжырымдар – сол дәуірдегі қазақ ерінің өмірлік бағыты мен рухани болмысына берілген сырт көздің әділ бағасы. М.Олкотттың пікірі – қазақ халқының ер-азаматқа деген көзқарасы мен тәрбиесінің өзегін дөп басқан. Бұл дерек Есмағамбетовтің «Қазақтар шетел әдебиетінде» атты еңбегінде де келтіріледі. Демек, қазақ ері жайлы мұндай сыртқы бағалаулар – ұлттық болмыстың қайнар көзін әлемге паш ететін тарихи-мәдени құндылық.

Қазақстанда соңғы жылдары отбасындағы әке рөліне ерекше көңіл бөлініп келеді. 2021 жылдан бастап елімізде «Әкелер күні» ұлттық деңгейде атап өтіле бастады. Бұл қадам – әкелер институтын нығайту, олардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатында қолға алынды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, елімізде 2024 жылы 19 жасқа дейінгі 5,6 миллион бала тіркелген. Соның ішінде 62%-дан астамы әкесімен бірге тұратын толық отбасында тәрбиеленіп жатыр. Ал 2023 жылы ресми некедегі әрбір үшінші ер адам – кемінде екі баланың әкесі. Сондай-ақ, елімізде «Мықты әке – мықты ұлт», «Әке мектебі», «Әке – отбасы тірегі» секілді әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. Бұл бастамалар отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жас әкелерге үлгі болатын тәлімгерлік жүйелерді енгізуге бағытталған.

Иә, қазақ халқының дәстүрінде әке – тек биологиялық әке емес, «ел ағасы», «қария», «ақсақал» бейнесі арқылы отбасынан асып, ру, елдік кеңістікте де рөл атқарған. Қазақы тәрбиеде әке баласын ерте жастан еңбекке баулыған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген. Әке – баласының нағыз ұстазы, өмір жолындағы бағдаршамы болған. Мысалы, Абылай ханның бойындағы қайсарлық пен парасаттылықтың бастауы оның ата-тегі мен бала күнгі тәрбие көзінде жатыр.

Қазақ қоғамында әке – тәрбие беруші, отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуші, ұрпаққа өнеге көрсетуші тұлға. Бұрындары бала тәрбиесіне аталар мен әкелер белсенді араласқан. Балаға ат қоюдан бастап, оны елге танытуға дейінгі әрбір қадамда әкенің орны ерекше болған. Әкенің өнегесі – ұрпақтың мінез-құлқы, көзқарасы, дүниетанымын қалыптастыруда маңызды фактор. Тарихта Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы сияқты тұлғалардың бойындағы даралық пен кемелдіктің негізі олардың әке тәрбиесінде жатқанын ұмытпауымыз керек.

Заманауи қоғамда отбасының дәстүрлі құрылымы өзгеріске ұшырап, әкелердің бала тәрбиесіне қатысу үлесі төмендегені байқалады. Қазақстанда баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған аналардың саны – 29% болса, жалғыз әкелер – небары 3,6%. Бұл статистикадан әкенің отбасындағы тұрақтылығына қатысты мәселе туындайды. Алайда соңғы жылдары әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, әкенің тәрбиелік рөлі қайта бағалана бастады. Бүгінде жаһандану, урбанизация, отбасылық құрылымның өзгеруі әке институтына да әсер етуде. Мысалы, Скандинавия елдерінде әкелерге арнайы демалыс беріліп, бала тәрбиесіне белсенді араласуына жағдай жасалуда. Бұл тәжірибе әкенің эмоциялық жақындығын, отбасы бірлігін арттыруда тиімді екенін көрсетті. Зерттеулер көрсеткендей, ХХІ ғасырда әке рөлі эмоционалды, тәрбиелік бағытқа көбірек бейімделіп келеді. Бұл — позитивті үрдіс. Батыс елдерінде «stay-at-home dad» (үйде бала бағып отырған әке), «fatherhood school» (әкелер мектебі) сияқты ұғымдар кең тараған.

72 мың жалғызбасты әке

Қазақстанда ресми дерекке сәйкес, 72 мыңнан астам ер азамат – жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған әкелер. Бұл – үнсіз қоғамның, көрінбейтін күштің бейнесі. Қоғамда ананың рөлі туралы жиі айтылғанымен, жалғызбасты әкелердің тағдыры мен күресі назардан тыс қалып келеді. Олар көп жағдайда «көрінбейтін қамқоршы» санатына еніп, өздерінің ауыр жүгін үнсіз арқалауға мәжбүр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 863 мыңға жуық толық емес отбасы бар. Соның ішінде 72 мың отбасыда әке ғана бар. Бұл – 72 мың ер адам өз перзентін жалғыз өзі бағып-қағып, тәрбиелеп отыр деген сөз. Олардың қатарында бірнеше баланы бір өзі өсіріп отырған ерлер де аз емес.

Жалпы, еліміздегі толық емес отбасыларда 1 миллион 71 мың бала тәрбиеленуде. Олардың басым көпшілігі анасының қарауында болғанымен, 72 мың отбасының балалары – әке қамқорлығында. Бұл – бейресми әкелер институтының бейнеті мол, жауапкершілігі ауыр жүгі.

Мамандардың айтуынша, жалғызбасты әке болу – тек перзентіңді асырап-бағу емес, ананың да, тәрбиешінің де, дос пен ұстаздың да рөлін қатар атқару. Көп жағдайда мұндай ерлерге үй шаруасын жүргізу, бала психологиясымен жұмыс істеу – жат дағды. Бірақ олар осы жолда дағдарып қалмайды. Керісінше, «ер адам тәрбиелеуге икемсіз» деген теріс стереотиптерді жоққа шығарып келеді.

Жалғызбасты аналар жайлы медиа кеңістікте жиі айтылады. Ал жалғыз әке – сирек айтылатын тақырып. Бұл – ер-азаматтың өз мәселесін жария етпеуімен де байланысты. Мамандар бұны «үнсіз қоғам» деп сипаттайды: яғни мұндай әкелердің басындағы қиындық ашық айтылмайды, қолдау да мардымсыз.

Жалғызбасты әкелер көбінесе жұмыс пен үй тірлігін қатар алып жүруге мәжбүр. Кейбірі тұрақты жұмыстан бас тартып, баласының жанында болуды құп көреді. Алайда бұл шешім олардың әлеуметтік және экономикалық жағдайына әсер етеді. Сондықтан бұл санаттағы азаматтарға мемлекеттік қолдаудың арнайы тетіктері қажет.

Мектептер мен балабақшалар, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жалғызбасты әкелермен тығыз жұмыс жүргізіп, оларға психологиялық, құқықтық, тұрмыстық көмек көрсетудің жүйелі жолын жасауы тиіс.

72 мың жалғыз әке – қоғамның тасасында қалған батырлар. Олар тек өз баласын ғана емес, ер-азамат бейнесінің биіктігін де сақтап жүрген жандар. Енді сол бейнеге қоғам назар аударуы тиіс. Көмекке мұқтаж, бірақ көмек сұрай алмайтын әкелерге арнайы бағдарлама мен нақты қолдау қажет. Себебі олар – үнсіз болса да, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық болмыс үшін күресіп жүрген азаматтар.

«Отағасы туралы заң»: Ер азамат құқығы қорғалуға тиіс пе?

Мәжіліс қабырғасында жаңа «әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы» заң жобасы талқыланып жатқан тұста, депутат Ермұрат Бапи күтпеген жерден ерекше ұсынысымен көзге түсті. Ол тек әйел мен бала ғана емес, ер-азаматтың да құқықтары назардан тыс қалып жатқанын айтып, «Отағасы туралы заң» қабылдауды ұсынды. Бұл пікір көпшілікті ойландырып, ел арасында қызу пікірталас тудырды. Бапи мырзаның бұл ұсынысы мәжілісте отырған әріптестерінің де қызығушылығын туғызып, қол шапалақтап қолдау білдіргендер де табылды. Депутаттың сөзіне сүйенсек, бүгінде «Әкең келсін, сазайыңды береді» деген классикалық тәрбие моделі ұмытылып, әке образы қоғамда әлсірей бастаған. Бұл үрдіс ерлердің отбасындағы рөлін төмендетіп, біржақты заңдық қолдау жүйесі қалыптастырып жатыр деген уәж айтылды.

«Аманат» фракциясының депутаты Аманжол Әлтай да бұл бастаманы қолдап, қазіргі заңда тек әйел мен бала емес, ерлердің де құқығы қорғалуы тиіс екенін атап өтті. «Отбасы – өте күрделі институт. Қазір қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар белең алып отыр. Солардың қатарында әйелден қысым көретін ерлер де бар», – дейді ол.

Алайда бұл ұсыныс қоғамда екіұдай пікір тудырды. Бір жағынан, расымен де отбасылық қатынастарда ер азаматтың беделі мен рөлі әлсірегені жиі айтылып жүр. Әсіресе, әлеуметтік желі мен қоғамда ер адам образы түрлі карикатуралар мен әзіл объектісіне айналып кеткені жасырын емес. Мұндай ұсыныс осы бір қалыптасқан стереотиптермен күреске бастама бола ала ма?

Екінші жағынан, заң жобасын таныстырған депутат Жұлдыз Сүлейменова аталған заң тек әйелдер мен балаларға ғана емес, жалпы азаматтарға қатысты екенін айтты. Яғни, жаңа заң бойынша денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ұрып-соғу секілді құқық бұзушылықтарға барлық тарап тең жауапкершілікпен қарайды. Әйелден қысым көрген ерлер де осы заң арқылы қорғану мүмкіндігіне ие.

Мәселе – арнайы «Отағасы туралы заң» қажет пе, әлде қолданыстағы заңның шеңберінде ерлер құқығы да қорғала ма – осы тұрғыда. Қоғамда ер адамның отбасы институтындағы рөлін қайта жандандыру, әкенің тәрбиедегі орнын нығайту – расында маңызды. Бірақ бұл міндетті түрде жеке заң қабылдауды қажет ете ме, әлде қоғамдық сана мен тәрбиенің өзгеруімен де шешіле ме – бұл әлі де талқылауды қажет ететін сұрақ.

Қалай болғанда да, Ермұрат Бапи көтерген мәселе – қоғамда бұрын-соңды ашық айтылмаған, бірақ іште жүрген ойдың сыртқа шығуы. Ол – әзіл емес, әлеуметтік шындықтың шеті болуы мүмкін.

Қазақстандағы ахуал мен деректер

Қазақстан бойынша толық отбасылар (әке-шешесі бірге тұратын) 2021 жылғы дерек бойынша – 67,4%. Баланы жалғыз ана тәрбиелейтін отбасылар – 29%, жалғыз әке – 3,6% шамасында. 2023 жылғы зерттеулер бойынша, қазақстандық әкелердің 55-60%-ы баласының оқу үлгерісіне тұрақты қызығушылық танытады. Бірақ күнделікті тәрбие мен психологиялық қолдау көрсетуге қатысы – 30-35% деңгейінде. Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, жастардың 70%-ы әкені отбасындағы негізгі тұлға, билік иесі ретінде қабылдайды. Дегенмен, жаңа ұрпақ арасында әкені тек асыраушы емес, дос, тәрбиеші ретінде көру үрдісі өсіп келеді.

Швеция, Норвегия, Исландия секілді елдерде әкелерге 3 айдан 6 айға дейін жалақысы сақталатын демалыс беріледі. OECD елдерінде әкелердің орташа 25%-ы бұл құқықты пайдаланады. Финляндия мен Данияда әкелер бала тәрбиесі мен үй шаруасының 40-50%-ына қатысады. Ал дәстүрлі қоғамдарда бұл көрсеткіш 10-15% шамасында. Батыс Еуропадағы әкелер аптасына орта есеппен 5-7 сағат белсенді түрде бала тәрбиесіне арнайды. Азия елдерінде бұл көрсеткіш 2-4 сағат шамасында.

Түйін: Қазіргі заманда отбасының әлеуметтік институт ретінде әлсіреу қаупі бар кезеңде әке рөлін арттыру – ел болашағына салынған инвестиция. Әке – тек асыраушы емес, ол – өнеге, тәрбие, тұлғалық дамудың тірегі. Сондықтан Әкелер күні – жай мейрам емес, әке мәртебесін арттырып, ұлттың рухани іргесін нығайтатын маңызды дата. Қоғамның діңгегі – отбасы болса, отбасының тірегі – әке. Ата-бабамыздан қалған "Әке – асқар тау" деген тәмсіл жай сөз емес, бұл – өмірдің шындығы. Қазіргі таңда қоғамда аналар институты кеңінен талданып, көтеріліп жүргенімен, әкелер институтының маңыздылығы көбіне көлеңкеде қалып келеді. Алайда кез келген елдің әлеуметтік, мәдени, рухани болмысы әкенің отбасындағы, қоғамдағы рөлімен тығыз байланыстыБаланың психологиялық дамуына әкенің қатысуы өте маңызды. UNICEF-тің зерттеуіне сәйкес, бала тәрбиесіне белсенді араласатын әкелердің балалары өз-өзіне сенімді, психологиялық тұрақты, білімге бейім болып өседі.

Ал әкесіз өскен балалар арасында агрессия, қорқыныш, өзіне сенімсіздік, әлеуметтік бейімделу қиындықтары жиі кездеседі. Сондай-ақ, әкелердің отбасындағы рөлін арттыру арқылы қоғамда ерлер арасындағы жауапкершілікті, еңбекқорлықты, ізгі құндылықтарды насихаттауға болады.

Демек, қоғамды кемелдендіру үшін тек аналарды емес, әкелерді де тәрбие мен рухани қолдау процесінің бел ортасына әкелу қажет. Әке – тек асыраушы ғана емес, рухани серік, үлгі, тірек. Сондықтан әкелер институтының маңызын мойындап, оны қоғамның негізгі тірегі ретінде дамыту – ұлт болашағына салынған берік негіз болмақ.