Елорда халқының саны жыл сайын шамамен "10 шағын қалаға" ұлғаяды.
Мұндай қарқынмен таяу арада бас қалаға тағы бір ауданды құруға тура келмек.
Бұл туралы қала белсендісі, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл хабарлады.
"Астана тұрғындарының саны жыл сайын шамамен 100 мың адамға көбейіп тұрады. Ал, "Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы" заң бойынша аудандық маңызы бар қалаларға қойылатын халық санының төменгі шегі 10 мың адамды құрайды. Басқаша айтқанда, Астанаға жыл сайын осындай онға жуық қала қосылады. Мысалға, 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша астаналықтардың саны 1 млн 558,5 мыңнан асты. Соның ішінде биылғы небары 4 айда елордаға 23 346 адам түпкілікті көшіп келген", – деді Бақытбек Смағұл.
Ажарлы Астана әркімді өзіне магниттей тартады. Мұндай қарқынмен, Б.Смағұлдың бағалауынша, елордалықтардың саны тек биыл тұтас Сарайшық ауданының халқына тең көлемде өсіп шыға келеді. Олай болса, алда Астанада тағы бір жаңа аудан пайда болуы мүмкін.
Оның дерегінше, қазіргі кезде Астана қаласының жалпы ауданы 797,3 мың шаршы шақырым. Бұл Сингапур, Бахрейн, Андорра, Мальта, Мальдив сияқты елдер тұтас сиятын алып аумақ. Немесе бұл территорияға 1 626-дан астам Ватикан сыйып кетеді екен.
"Мұнша үлкен аумақты шып-шырғасын шығармай басқарып, заманға сай дамыту үшін Абай бабамыз өсиет еткендей, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қажет, немесе Ғабит Мүсірепов айтқандай, "тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек". Бір қызықты жайтты білдім, егер жаңа Астана жарияланған алдыңғы 26 жыл ішінде оның 4 ауданы ғана құрылса, ал, Президентіміздің Жарлығымен елорданың тізгінін 2022 жылы Ж.Қасымбек ұстағалы, бас қаланың аудандарының саны 6-ға дейін өсіпті", – деді қоғам қайраткері.
Айта кету керек, қазіргі кезде Астанада 6 аудан бар:
• Алматы ауданы – 85,2 мың,
• Сарыарқа ауданы – 67,7 мың,
• Есіл ауданы – 200,2 мың,
• Байқоңыр ауданы – 181,3 мың,
• Нұра ауданы – 193,3 мың,
• Сарайшық ауданы – 69,6 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр.
Ал, қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, соңғы 3-4 жылда астаналықтардың саны 300 мыңнан аса адамға өсті. Яғни, тұтас облыс орталығының тұрғындарына тең көлемде ұлғайды.
"Былтыр, мәселен, бала туу, сондай-ақ елішілік көші-қон есебінен 98 мың адам жаңадан қосылды. 2035 жылға қарай елордалықтар саны 2,3 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Қала жұртшылығының үздіксіз өсуіне орай жыл сайын жаңадан ең кемі 10 мектепті іске қосып отыруымыз керек. Жыл сайын бізде орта есеппен 15-16 мың бала мектеп бітіреді. Ал, бірінші сынып табалдырығынан одан екі есе көп бала аттайды", – деді әкім "Вечерняя Астана" газетіне сұхбатында.
Жеңіс Қасымбектің дерегінше, аяқталған оқу жылында тарихи рекорд орнатылды, елордада бір ғана оқу жылында пайдалануға берілген орта білім ордаларының жалпы саны 24-ке жетті. Оларда 2 ауысыммен шамамен 66 мың оқу орны құрылды.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылында тағы 15 мектепті болашақ ұрпақтың игілігіне табыстау жоспарланған. Бұдан бөлек, 2025 жылы 2 899 орынға арналған 11 балабақша іске қосылатын болады.
Халықтың қарқынды өсуіне байланысты Астананың 2035 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары қабылданды. Ол қаланың алға оза дамуының ерекшеліктерін ескеретін шаралардан тұрады екен.
Қазақстандықтар Астанаға жақсы өмір, жалақысы жоғары жұмыс, мансаптық перспектива іздеп көшіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Астанада орташа айлық атаулы жалақы да ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары – 2025 жылдың бірінші тоқсанында 563 309 теңге болды.
Былтырғымен салыстырғанда 114%-ға өскен. Бұл – ең төменгі емес, ең жоғарғысы емес, орташа жалақысы. Бірақ Астана бизнесмендер қаласы болғандықтан, бұдан әлдеқайда көп табатындар да жетерлік.
"Енерджипром" агенттігінің хабарлауынша, Астана аумағында мұнай-газ, алтын, басқа өте бағалы қазба байлықтар жоқ. Астанада экономиканың негізін – жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) 79,7%-ын қызметтер, яғни, кәсіпкерлік құрайды.
Елордадағы салалар бойынша ең жоғары жалақы қаржыгерлер мен сақтандырушылар арасында (1,2 млн теңге). Жалақы бойынша екінші орында – тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу санатындағы компаниялар (981,3 мың теңге).
Ірі кен орындары болмаса, тау-кен өнеркәсібі елордада қайдан жүр? Жауабы қарапайым: осы сектордағы ірі кәсіпорындардың бас кеңселері мен ондағы қызметкерлері Астанада орналасқан. Жалақы бойынша көшбасшылық үштікке ақпарат, телекоммуникация, байланыс саласы (824,6 мың теңге) кірді.
Астананың "ЖІӨ-сі" Армения мен Қырғызстаннан көп
Осы жылғы қаңтар-мамыр аралығында елордада өнеркәсіп өндірісі 1 триллион 47,6 миллиард теңгенің өнімін шығарған. Өткен жылғы ұқсас кезеңдегіге қарағанда өсім 102,5%.
2024 жылы Астананың жалпы өңірлік өнімі қолданыстағы бағамен 15 триллион 484,5 миллиард теңгеден асты (шамамен 30 миллиард доллар).
Бүгінде Астананың бұл көрсеткіші тіпті Босния мен Герцеговина, Армения, Қырғызстан, Мальта, Моңғолия, Молдова, Сирия, Солтүстік Корея, Тәжікстан, Ауғанстан, Черногория сияқты тұтас мемлекеттерден де асып түсті (олардың ЖІӨ-сі 30 миллиардтан кем).
Тағы бір қызықты дерек: Астана экономикасының өсімі Қазақстанның экономикалық өсімінен жоғары – 2024 жылы елдің ЖІӨ-сі 4,8%-ға өссе, елорданың нақты ЖӨӨ-сі 8%-ға өсті.
Астанада жұмыс күшінің саны 772 720 адамды құрайды. Соның ішінде 738 870-і жұмыс істейді. Жұмыссыздар саны – 33 850 адам.
Елорданы шенеуніктердің қаласы ретінде қабылдайтындар бар. Өйткені билік құрылымдары, Парламент, Үкімет, министрліктер, меморгандар және басқасы осында шоғырланған.
Сонымен бірге, статистика мамандарының хабарлауынша, қалада жалпы саны 105 932 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде бүгінде тек 1 005-і ғана – мемлекеттік. Басым көпшілігі – 93 184-і жекеменшік компаниялар. 11 743 шетелдік компания Астанада өз бөлімшесін ашқан.
Бас қалада 254,4 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді. Олардың саны бір жыл ішінде 109 пайызға көбейді. ШОБ-те 528,2 мың астаналық нәпақасын айырып, табыс табады.
2024 жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 15 трлн 834,6 млрд теңгенің өнімін өндірген және қызмет көрсеткен.
Астана өзіне инвесторларды да магниттей тартады. Инвестиция тартуы жөнінен елдегі өзге өңірлер оның қарқынына ілесе алмайды. Ұлттық статбюро мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-мамырда елордада негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 705,4 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2024 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда бірден 147,4%-ға көп.
Айтқандай, елордаға ағыл-тегіл келіп жатқан қоныстанушылар легін баспанамен қамту да оңай емес. Ұлттық статбюро бұл тұрғыда да ғаламат серпін барына назар аудартты.
"Астанада құрылыс жұмыстары мен қызметтерінің көлемі 307,7 млрд теңгені құрады. Немесе 2024 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда айтарлықтай, 151,8%-ға өсті. 2025 жылғы қаңтар-мамырда елордада пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 5,6% көбейді: 1 миллион 505,4 мың шаршы метр баспана іске қосылды. Мұнда көппәтерлі тұрғын үйлер көлемі 4,4% артып, 1 млн 461,6 мың шаршы метрге артты. Ал, пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің, коттедждердің жалпы алаңы 9,4% артып, 27 мың шаршы метр болды", – деп мәлім етті статорган.