Соңғы жылдары Қырғызстанның мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққанда 36,9%-ды құрады.

Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеген, деп хабарлайды Кабар.

Бұл туралы президент әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің басшысы Дайырбек Орунбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған аналитикалық шолуда айтылды.

Мәселен, 2020 жылы мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 67,6%-ын құраған болатын. Қазір бюджетте профицит байқалады – табыс шығыннан асып түсіп жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық бюджет 688,5 млрд сомды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда шамамен үш есе көп. Алдын ала болжам бойынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 триллион сомнан асады.

Экономист Искендер Шаршеев «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында соңғы жылдары Қырғызстан экономикасы халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауынша айтарлықтай өсім көрсетіп жатқанын айтты. 2024 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аясында Қырғызстанда экономикалық өсім 9%-ды құрап, басқа елдермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткішке жетті.

– Бүгінде Қырғызстан экономикасы дамып келе жатыр деп сеніммен айтуға болады. Біздің ел әлем бойынша дамушы экономикалардың қатарында. ЕАЭО ішінде 9%-дық өсім ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Халықаралық қаржы ұйымдарының болжамы бойынша, 2025 жылы бұл көрсеткіш 10%-ға дейін жетуі мүмкін. Салыстырмалы түрде айтқанда, Өзбекстан мен Қазақстанда бұл өсім 5–7% шамасында, ал бізде 9%-дан жоғары. Бұл инфляция жағдайында болып жатқанымен, біздің нарық инвесторлар үшін тартымды болып қалып отыр, ал рейтингтік агенттіктер оң бағалар беріп келеді. Соның арқасында инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тартылып жатыр, бұл экономиканың дамуына қосымша серпін береді. Цифрландыру, салық саясаты және басқа да шаралар осындай нәтижелерге өз ықпал тигізіп жатыр. Өткен жылы 400-420 млн доллар сыртқы қарыз өтелді. Биыл да сондай көлемде төлем жоспарланып отыр. Қарызды өтеу айтарлықтай шығынды талап еткенімен, мемлекет оны азайту бойынша қадамдар жасап жатыр. Халықаралық тәжірибеге сай, сыртқы қарыз ЖІӨ-нің 20%-ынан аспауы тиіс. Егер экономика өсуін жалғастырса, біз бұл деңгейге жетеміз деп үміттенеміз, – деді сарапшы.