Пластикалық хирургия саласында танымалдыққа ие болған дәрігер Мұхтар Қобландин Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін YouTube желісіндегі QStar бағдарламасына сұқбат беріп, мемлекеттік ауруханада істеудің қиындықтары туралы ағынан жарылды. Дәрігер мамандығына деген сүйіспеншілігі мен қайталанбас жетістіктеріне қарамастан, мемлекеттік ауруханадан неліктен кетуге мәжбүр болғанын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Үнемі шұғыл хирургияда жұмыс істедім, тегін кезекшіліктерге түсетінбіз. 2013 жылы Астанада айлығым 140 мың теңге болды. Ол кезде медицина ғылымдарының кандидаты, қабылдау бөлімінің меңгерушісі едім. Айына сегіз кезекшілік болатын, әрбірі сегіз сағаттан. Сол еңбегімнің барлығы үшін 140 мың теңге. Ал өзім бір бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге жалдап тұрдым", — деп есіне алды дәрігер.
Қобландиннің сөзінше, сол кезде отасына ризашылық білдіргендердің "рақметін" алған сайын ол өзін қорлық көргендей сезінетін.
"Шұғыл ота жасауды қатты жақсы көретінмін, оны шеберліктің ең жоғары деңгейі деп санаймын. Бірақ қаражат жетпейтін. Әрине біздің Қазақстанда науқастар "рақметін айтып" жатады. Мен ешқашан ақша сұраған емеспін, сұрай да алмайтынмын, бірақ бергенде —қабылдайтынмын. Дегенмен ол сәтте өзімді қорланғандай сезінетінмін. Науқас бірдеңені қолыңа, қалтаңа жасырын салып кеткенде – ол өте ыңғайсыз көрінетін, тіпті қылмыс жасағандай әсерде қаласың. Ұялатынмын", — деп ағынан жарылды хирург.
Дәрігердің сөзіне сенсек, ол Қазақстанда бірінші болып лапароскопиялық отаны сәтті жасаған, алайда отаға қажет құрылғыны достарының қаражатына алуға мәжбүр болған.
"Қазақстанда алғаш рет лапароскопиялық әдіспен сәтті ота жасадым. Бұған дейін мұндайды ешкім істемеген. Күрделі оталар жасадым, бірақ мемлекет бұл үшін ешқандай марапат та, қолдау да көрсетпеді. Бұл маған ұнамады. Тіпті кейде осындай оталар үшін қажетті құралдарды маған достарым – кәсіпкерлер сатып әперетін. Мысалы, лапароскопиялық асқазанды резекциялау үшін құралдарды олар әкеліп берді. Елде жаңа әдістерді енгізуім үшін жабдықты неге менің достарым сатып алуы керек?", — деді ол.
Хирург сонымен қатар ауруханада алғаш жұмыс істеп жүрген кездерінде, тіпті ескі қолғаптар мен құрылғыларды қолдануға мәжбүр болғанын жасырмады.
"Бастапқыда жағдайдың қандай болғанын білсеңіздер ғой: қолғап табудың өзі мәселе еді. Мысалы, менің өлшемім 6,5, ал маған 8-өлшемдегі, бірнеше рет стерильденген қолғап беретін. Бұл — нонсенс, олай болмауы керек. Ол қолғаптар жыртық, қолайсыз, кейде, тіпті тат басқан. Қан тоқтататын коагулятордың өзі изолентаға оралған, ота кезінде бізді арасында тоқ ұратын. Хирургтер расымен тоқ ұрғанда шоршып түсетін. Мен жұмысымды осындай жағдайда бастадым", — деп ренішін айтты ол.
Дәрігер осының бәрі ақыры оның коммерциялық хирургияға бет бұруына себеп болғанын айтты.
"Сол себепті мен коммерциялық хирургияға кетуді ұйғардым, өйткені онда барлық процесті өзім басқара аламын. Қазір қайда білім алуға баратынымды, не сатып алатынымды өзім шешемін", — деп түсіндірді Қобландин.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз