Кеше ғана іске қосылған Астанадағы LRT желісі бүгін тоқтап қалды деген видео жазбалар әлеуметтік желіде желдей есті. Онда жолаушылар тоқтап тұрған вагонның есігін ашып жатқандығы көрінеді. Жүрдек пойыздың тоқтап қалуына LRT желісіндегі қауіпсіздік ережесін бұзған жолаушылар кінәлі екендігі анықталды. Осы оқиғаға қатысты LRT желісіне жауапты «STS City Transportation sistems» комапаниясы бірден ресми түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz.


LRT желісінде жолаушылар тарапынан қауіпсіздік ережелерін бұзудың жекелеген жағдайлары тіркелді.

Ондай әрекеттер апаттық жағдайларға және қозғалыстың уақытша кідірісіне әкелуі мүмкін. Атап айтқанда, жолаушылар тарапынан мынадай жағдайлар тіркелді:

  • станса платформасында орналасқан шұғыл тежеу батырмасын негізсіз басу;
  • пойыз ішінде қорғаныш әйнектің артында орналасқан платформалық есіктерді шұғыл ашу батырмасын іске қосу;
  • вагон есіктерін ішінен өз бетінше ашуға әрекет жасау;
  • есік жақтауларының арасына қолын салып, есіктердің жабылуына қасақана кедергі келтіру.

LRT жүйесі толық автоматтандырылған, сондықтан мұндай әрекеттердің барлығы жүйе тарапынан қауіпсіздікке ықтимал қатер ретінде қабылданады. Бұл пойыздың тоқтауына және диспетчерлік орталық тарапынан қосымша тексерулер жүргізілуіне әкеледі.

«Жолаушылардан LRT пайдалану ережелерін сақтауды сұраймыз. Еске саламыз: желі кернеу астында. Әрбір құрамның ішінде LRT пойызының операторы бар, ол қажет болған жағдайда электр қуаты ажыратылғаннан кейін ғана есіктерді ашады», делінген хабарламада.

Барлық құқық бұзушылар стансалар мен вагондардың ішінде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы анықталады. Бұл фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін беріледі, өйткені мұндай әрекеттер жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, LRT жұмысының тұрақтылығына әсер етеді.

Еске сала кетейік, кеше Астанада көптен күткен LRT ресми түрде іске қосылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа LRT жүйесінің 001 сериялы жол жүру картасы табысталды.

Бұған дейін Астанадағы LRT жүйесінің №117 «Жібек жолы» станциясы әлі пайдалануға берілмегенін жазған едік.