Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat » ұлттық сараптамалық алаңында «Президент Жолдауы: Қазақстан дамуының алдағы бағыттары» тақырыбындағы отырыс өткізілді. Оған мемлекеттік органдардың, талдау орталықтарының, жоғары оқу орындарының, ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Сарапшылар цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, институционалдық реформалар, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, инвестициялар мен өңірлік даму сынды Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттарды талқылады. Сондай-ақ білім саласының рөлі мен әлеуметтік бастамаларға да айрықша тоқталды.
Отырысқа модераторлық еткен ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына стратегиялық бағыт сілтейтінін атап өтті.
– Расында, Президент бастамашы болған саяси өзгерістер түбегейлі сипатқа ие және жаңа саяси дәстүрлер мен жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға негіз болады. Бұл өз кезегінде еліміздің әрі қарайғы саяси жаңғыруының іргетасы болмақ, – деді Ж.Шаймарданов.
Отырыста алғаш болып Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов сөз сөйлеп, бұл Жолдау шынында да стратегиялық сипатқа ие екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда заман талабына сай мемлекеттер мен ұлттар жаһандық бәсекелестік жағдайында өз әлеуетін күшейтіп, ұзақмерзімді тұрақты дамуға көшу үшін бірнеше басты факторға назар аударуы қажет. Біріншіден, бұл – адам факторы, яғни құндылықтар мен мәдениет, адам капиталы. Екіншіден, технологиялық факторлар, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрландыру. Үшіншіден, институционалдық саяси жүйе факторы. Президент Жолдауы осы үш бағытты да қамтыған кешенді құжат болды және бұлардың әрқайсысының өзіндік орны бар, – деді Ә.Байменов.
Сондай-ақ ол Жолдаудың саяси реформаларға қатысты тұсына ерекше тоқталды.
– Президент атап өткендей, бір палаталы Парламентке көшу – саяси жүйенің тұрақтылығын арттырады. Қазіргі қолданыстағы Конституцияда екі палатаның арасында қайшылықтар туындап, кейде саяси күйзелістерге де себеп болуы мүмкін. Сенат өз функциясын орындады, алайда оның енгізілуі негізінен шетелдік тәжірибеге жақындастыру мақсатында болғаны белгілі. Сонымен қатар ол кей жағдайда Мәжілістің қызметін тежейтін күш ретінде қарастырылды. Дегенмен бір палаталы Парламент мемлекетіміздің унитарлық табиғатына жақын әрі саяси жүйенің тұрақтылығын күшейтеді. Бұдан бөлек, партиялардың дамуына да жаңа серпін береді, – деді саясаткер.
Сонымен қатар ол, өкінішке қарай, қазіргі уақытта еліміздегі саяси партиялар толық қалыптасып үлгермегенін ашып айтып, партиялардың алдында үлкен міндет тұрғанын да атап өтті.
Президент жанындағы ҚСЗИ ғалым хатшысы Айгүл Көшербаева Жолдауда көптеген маңызды мәселе көтерілгенін, соның ішінде әлеуметтік саясат саласына тоқталды.
– Бұл мәселе мемлекет үшін ең үлкен шығындардың бірі екені белгілі. Индексация, субсидия сияқты түрлі қолдаулар бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Президент атап өткендей, әлеуметтік көмекті алатын адамдардың санатын қайта қарау қажет. Өйткені кейбір адамдар шын мәнінде көмекке мұқтаж болса, енді біреулер масылдық психологияға бой алдырып отыр. Сол себепті осы санатты қайта қарап, шынайы мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсету маңызды. Бұл қадам, бір жағынан, бюджетке түсетін ауыртпалықты жеңілдетсе, екінші жағынан, экономикалық дамуға бағытталатын қаражатты көбейтуге мүмкіндік береді. Әрине, мұны жүзеге асыруда басты құрал – цифрландыру. Егер әлеуметтік саясатта цифрлық жүйелерді кеңінен енгізсек, әділ әрі тиімді шешімдер қабылданады, – деді ҚСЗИ ғалым хатшысы.
Сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Сырымбет Қаскеев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсмaнов, Astana IT University цифрлық мемлекеттік басқару мектебінің деканы Альтаир Ахметов, Назарбаев университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) атқарушы директоры Ербол Абсалямов сөз сөйлеп, Жолдаудың басым бағыттарынан ой өрбітті.
Жиынды түйіндеген Жандос Шаймарданов сарапшылар пікірлері Президент Жолдауын жүзеге асырудың тиімді тәсілдерін қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.