Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Бесағаш ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан, VI-XII ғасырларға тән көне «Бесағаш» елді мекенінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары басталды.
Аумағы 500 гектарды құрайтын бұл ескі қалашық орнында зерттеу жұмыстарын «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-нің білікті археологтары, PhD докторлары Сағымбай Мургабаев пен Мэлс Бақтыбаев жетекшілігімен жүргізуде. Қазба жұмыстары ағымдағы жылдың 6 мамырынан бастап қолға алынған.
Қазіргі таңда мұнда 10-нан астам барлау шурфтары (2x2 метр көлемінде) мен 2 стратиграфиялық кесік қазба жүргізіліп, нәтижесінде ерте ортағасырлық кезеңге тән диірмен тасы, сырлы және сырсыз арнайы пеште күйдірілген керамикалық бұйымдар табылды.
Аталған археологиялық жәдігерлер – бұл аймақта өркениетті өмір сүрген қалалық мәдениеттің болғанын дәлелдейтін айқын нышандар. Қалашықтың мәдени қабаттары да анықталып, ғылыми тұрғыда зерделенуде.
Бұл археологиялық жұмыстардың мақсаты – тек көне жәдігерлерді табу ғана емес, сонымен қатар бұл өңірдің тарихын тереңінен зерттеп, Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттердің өзара ықпалдасуын ашып көрсету. Зерттеу барысында ерекше маңызға ие тұжырым – 751 жылы болған әйгілі Атлах шайқасының дәл осы аумақта өткені жөніндегі тарихи жорамалдарды нақтылау мүмкіндігі. Бұл тек Жамбыл өңірінің емес, күллі түркі және мұсылман әлемінің тағдырына шешуші әсер еткен тарихи оқиға екені мәлім.
Атлах шайқасы – Аббаси халифаты мен түркі тайпаларының біріккен қолы мен Қытайдың Таң әулетінің әскері арасында өткен аса ірі соғыс. Нәтижесінде, Қытай әскерінің тас-талқаны шығып, 1000 жыл бойы Жетісу мен Орталық Азияға аяқ баса алмады. Бұл жеңіс – ислам дінінің өңірде кең тарауына және қалалық мәдениеттің өркендеуіне үлкен серпін берді.
Тарихи деректер бойынша, VII-VIII ғасырларда Жетісу өңірі саяси тұрғыда әлсізденіп тұрған кезде Қытай Таң әулеті өңірді жаулап алуға тырысты. Алайда 751 жылғы Талас шайқасы (Атлах) бұл жоспарды мүлде өзгертті. Араб тарихшысы әл-Макдиси өз жазбаларында бұл шайқастың маңыздылығын ерекше атап өтеді. Қытай генералы Гао Сяньчжи бастаған 50 мың әскерге қарсы арабтар мен түркілердің біріккен 60 мың әскері қарсы тұрған. Бес күнге созылған қырғында Қытай әскері күйреп, 45 мыңы қаза тауып, 20 мыңы тұтқынға түседі. Осы оқиғадан кейін түркі халықтары ислам өркениетінің бір бөлшегіне айналып, Орталық Азиядағы мәдени-рухани даму жаңа арнаға бет бұрды.
Қазіргі археологиялық жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл жерінде орын алған тарихи процестерді тереңінен тануға, сондай-ақ ескі қаланың нақты шекараларын анықтап, болашақта ашық аспан астындағы музейге айналдыруға мүмкіндік туып отыр. Егер де Атлах шайқасы өткен орын осы «Бесағаш» аумағы екендігі ғылыми түрде дәлелденсе, бұл нысан тек Қазақстанда емес, күллі ислам және түркі әлемінде ерекше мәртебеге ие болмақ.
«Бесағаш» – бұл жай ғана көне қала емес. Бұл – өткеннің даусыз дәлелі, ұлттың тамырына бойлайтын тарихи куәлік. Тарихтың табы қалған бұл мекеннің зерттелуі арқылы біз өз болмысымызды, өркениетіміздің негізін, ата-бабаларымыздың асыл мұрасын тереңінен тани аламыз
Сонымен қатар, Сарысу ауданында тас ғасырына жататын Ақтоғай» үңгіріне де академик Жәкен Таймағанбетовтың жетекшілігімен еліміздің және АҚШ, Франция, Канададан келген ғалымдар мен зерттеушілердің қатысуымен ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілсе, Мойынқұм ауданында қазақ хандығы құрылған аймақта зерттеу жұмыстары басталған. Мұндағы мақсат – қазақ хандығы құрылған уақытта негізі қаланған Керейдің қыстағы, Қойшыман, Шар, Үлкен-Ақтөбе, Орта-Ақтөбе, Аяқ-Ақтөбе, Бала-Ақтөбе қалажұрттарының қалыптасу тарихы мен мәдениетін, әлеуметтік құрылымын зерттеу болып табылады.
Осындай кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижісінде қазба жұмыстары жүргізілген аумақтарда ашық аспан астындағы мұражай ашу, тарихи-мәдени мұраларды сақтау шараларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде Жамбыл өңірін ең маңызды тарихи аймақтардың біріне айналдырып, туризм әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.