Әлеуметтік желіде белгілі қоғам қайраткері, «Байтақ» партиясының жауапты хатшысы Берік Ағыбаев қуанышты хабарымен бөлісті. Ол: «Бүгін қуанышты жаңалығыммен бөліскім келеді: «Мұхтар Шаханов атындағы қор» Қоғамдық Қоры ресми түрде тіркелді! Мені осы қордың төрағасы етіп сайлады», ‑ деді.

Қазақ халқының танымал ақыны, өлеңдері әлемде көп ең көп тілде жарияланған Мұхтар Шаханов — тірі аңыз десек болады. Оның өмірбаянын қайталап айтудың өзі артық – атқарған еңбегі халықтың жадында. Елі оның еңбегін елеп, 2022 жылы «Отан» Орденімен және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттаған.

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

М.Шахановтың өмірлік жолы –күрескерлік жол. Дегенмен, осы жолда қазақ қоғамына жетіспей тұрған басты құндылық – Рух десе болады. Міне, осы Рухты қайраған, оны ұштаған ақындар арасында Мұхтар ақынның шоқтығы биік тұр. Сонау «Желтоқсан‑1986» Көтерілісінің құрбандарын іздеп, олардың өшпес рухын халқына жеткізу үшін де Мұхтар аға тынбай‑талмай еңбектенді.

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Өзінің өлеңдерінде қазіргі заман рухына жат, бірақ, қоғамда қылаң берген келеңсіз қылықтарды аяусыз сынады...

Жастарды жағымпаздықтан аулақ болуға, асқақ мінезді болуға шақырды...

Ұлттық рухты Тұлғалық деңгейде көру керектігін шаршамай айтумен болды – замана шындығын іздеді...

Міне, енді, Мұхтар аға сексеннен асқан шағында өз атына ашылған Қоғамдық Қордың ресми тіркелгеніне куә болып отыр... Бұл да кімге болса да бұйыра бермейтін Құрмет!

Бұл Қор болашақта М.Шахановтың мұрасы Шындық пен Әділдік мектебіне айналуына сөзсіз ықпал ететін болады!

Қорды басқаруды мойнына алған жас саясаткер Берік Ағыбаевқа бұл үлкен жауапкершілікті міндеттейді. Берік те осы үдеден шығады деп сенім білдіре отырып, Қорды ресми тіркеуден өтіп, ашылуымен құттықтаймыз!

Abai.kz ақпараттық порталы ұжымы атынан М.Шаханов атындағы Қоғамдық Қор ел игілігіне, ел руханиятына өлшеусіз қызмет етеді деп сенім білдіреміз!