Елімізде шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 1-4 сыныптарға арналған «Шахмат негіздері» курсы өткізіліп келеді, деп жазады Egemen.kz.
Шахматты дамыту бағытында вариативтік сағат бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткізіледі. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін мұғалімдер арасында шахматты танымал ету маңызды. Осы орайда Шахмат федерациясы бастауыш сынып мұғалімдері арасында «Зияткер ұстаз» турнирін өткізеді.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 2 000 000 теңге. Турнирдің аймақтық іріктеу кезеңі (Lichess платформасында, онлайн) 8 қарашада өтеді. Ал финалдық сайыс 12 желтоқсанда Астанада жалауын желбіретпек. Турнирге бастауыш сынып оқушыларына шахматтан білім беретін мұғалімдер ғана қатыса алады.
Өтінімдер 2025 жылғы 6 қараша күні сағат 12:00-ге (Астана уақытымен) дейін қабылданады.
Бүгінде «Шахмат негіздері» пәні 20 өңірде 1 500-ден астам мектепке енгізіліп, 60 мыңнан астам оқушыны қамтыды. Сонымен қатар 2 500 педагог даярлық курсынан өтті. Аталған көрсеткіш кешенді жоспардың 2027 жылға арналған межесін (1 400 мектеп) асыра орындады.
Сонымен қатар мамандарды даярлау мақсатында 7 педагогикалық жоғары оқу орнында «Шахмат пәнінің мұғалімі» атты minor қосымша бағдарламасы іске қосылып, өзге 5 университеттің 204 студенті 2025-2026 оқу жылында осы бағытта білім алады.