Жүлде қоры – 2 миллион теңге .

Қазақстанда бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған "Зияткер ұстаз" республикалық шахмат турниріне тіркелу басталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 000 000 теңге.

Турнир Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында ұйымдастырылуда. 2023 жылдан бастап еліміздің мектептерінде 1-4 сыныптарға арналған "Шахмат негіздері" курсы енгізіліп, оны бастауыш сынып мұғалімдері өткізіп келеді. Бағдарламаның тиімді жүзеге асуы үшін ұстаздар арасында шахмат мәдениетін дамыту – маңызды міндеттердің бірі.


Оқи отырыңыз: Lego киіз үй және Talapai. Қазақтың ұлттық ойындарын қалай жаңғыртуға болады


Осы мақсатта Қазақстан Шахмат Федерациясы "Зияткер ұстаз" турнирін ұйымдастыруда. Жарыс екі кезеңнен тұрады:

  • Аймақтық іріктеу кезеңі – 2025 жылғы 8 қарашада, онлайн форматта Lichess платформасында өтеді.
  • Финалдық кезең – 2025 жылғы 12 желтоқсанда Астана қаласында офлайн форматта ұйымдастырылады.
  • Турнирге тек бастауыш сыныптарда "Шахмат негіздері" пәнінен сабақ беретін мұғалімдер қатыса алады. Қатысуға өтінімдер 2025 жылғы 6 қараша күні сағат 12:00-ге дейін (Астана уақытымен) қабылданады. Тіркелу сілтемесі осында.

Айта кетейік, бүгінде "Шахмат негіздері" пәні еліміздің 20 өңіріндегі 1500-ден астам мектепте енгізіліп, 60 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр. Сонымен қатар 2500 педагог арнайы даярлық курсынан өтті. Бұл көрсеткіш 2027 жылға жоспарланған межеден (1400 мектеп) асып түсті.

Сонымен қатар 7 педагогикалық жоғары оқу орнында "Шахмат пәнінің мұғалімі" атты minor бағдарламасы іске қосылған. Ал тағы 5 университеттің 204 студенті 2025–2026 оқу жылынан бастап осы бағытта білім алуда.


Оқи отырыңыз: Жеңімпазға – 5 млн теңге. Қазақстанның 20 қаласында шахматтан блиц-турнир өтеді


"Білімдегі шахмат" бағдарламасы оқытудың жаңа мәдениетін қалыптастырып, шахмат арқылы ой-өрісі кең, стратегиялық ойлау қабілеті жоғары интеллектуалды ұрпақты тәрбиелеуді мақсат етеді.