Өскемен қаласында алғаш рет "Graffiti Battle" атты қалалық жастар байқауы өтті. Шара "Заң және тәртіп" идеологиясы мен өңірлік "Esirtkisiz Shygys" жобасы аясында ұйымдастырылды .
Байқаудың басты мақсаты – жастардың назарын есірткіге қарсы тақырыпқа аудару, сондай-ақ шығармашылық пен көше өнері арқылы салауатты және саналы өмір салтын қалыптастыру.
Байқауға 20 талантты жас суретші қатысып, бір күн ішінде өздерінің авторлық граффити жұмыстарын қаланың арнайы таңдалған төрт нүктесінде бейнеледі:
жастар жиі жиналатын студенттік қалашықта; мектеп маңында; наркодиспансер ауданында; және Защита шағын ауданында.
Әрбір жұмыс қатысушылардың қоғамға деген азаматтық ұстанымын, тәуелділіктен арылу мен өмірдің дұрыс бағытын таңдауға шақыратын идеяларын көрсетті.
Шараның ұйымдастырушылары — Өскемен қаласы әкімдігі және облыстық прокуратура.
"Байқауға негізінен колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты, — деді Өскемен қаласы әкімдігінің "Жастар ресурстық орталығы" КММ директоры Бақытжан Ербол. — Акцияның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына тарту. Біз есірткіге қарсымыз және бұл ұстанымымызды шығармашылық арқылы көрсеткіміз келді".
Қатысушылардың жұмыстарын "Жұлдыз" өнер мектебінің ұстаздары мен белгілі суретшілерден құралған қазылар алқасы бағалады. Қазылар жас суретшілердің жоғары шеберлігін, идеяларының тереңдігін және суреттердің әлеуметтік мәнін ерекше атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар бес номинация бойынша анықталды:
- "Үздік граффити суретшісі" — орындау техникасы мен шеберлігі үшін;
- "Ең үздік идея" — түпнұсқалық пен мағыналық тереңдігі үшін;
- "Үздік әлеуметтік үндеу" — қоғамға бағытталған әсерлі және жігерлендіретін ой үшін;
- "Ең үздік композиция" — үйлесімділік пен көркемдік үшін;
- "Креатив пен жаңашылдық үшін" — заманауи көзқарас пен ерекше тәсіл үшін.
Әр номинацияның жеңімпаздарына 300 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат табысталды.
Сонымен қатар, барлық 20 қатысушыға "Алиса" ақылды колонкасы және алғыс хаттар берілді.
"Graffiti Battle" – жастармен жаңа форматтағы жұмыс үлгісі. Мұнда өнер қоғаммен диалог құралына айналып, зиянды әдеттердің алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп, қаланың жастар саясаты аясындағы тұрақты шаралардың біріне айналмақ.
Өскемен қаласының ақпарат орталығы ұсынған материал