Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік медиа арасындағы бәсекелестік күшейіп отыр. Елде мыңнан астам телеарна, баспа және цифрлық БАҚ, ақпарат агенттіктері жұмыс істейді. Алайда азаматтардың 65 пайыздан астамы жаңалықтарды тек әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден алады.

Astana Media Week форумының қатысушыларына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Министр технологиялық өзгерістер медиа нарықта жаңа талаптар тудыратынына назар салды. Ведомство басшысы, халықтың медиа сауаттылығын арттырып, қоғамдық диалог мәдениетін қалыптастыруды қажет ететінін атап өтті.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Digital News Report зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың БАҚ-қа деген сенім деңгейі Орталық Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда жоғары. Бұл көрсеткіш мемлекет тарапынан осы саланы реформалау бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі деп санаймын. Ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы бізден цифрлық кеңістіктегі өзгерістерге жедел бейімделуді талап етеді. Ал Қазақстан «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы» заң қабылдаған санаулы елдердің бірі болып отыр. Бұл құқықтық құжат халықаралық заманауи стандарттарға, соның ішінде Еуропаның Digital Services Act қағидаттарына сәйкес әзірленіп, нарықтағы барлық қатысушылар үшін әділ ойын ережелерін бекітеді.