Алматы облысының әкімдігі Байсерке ауылындағы сібір жарасына қатысты жағдайға пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиғаның мән-жайы

Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылдық округіне қарасты Байсерке ауылының тұрғындары сібір жарасы көміндісінің маңында тұратыны туралы ақпаратқа байланысты баспанасыз қаламыз деп алаңдап отыр.

Әкімдік не деді?

Әкімдік Алматы облысының Байсерке ауылында сібір жарасының бір көміндісі барын растады.

"Бұл көмінді жеке меншік жер телімінде, "Транспетролеум" ЖШС аумағында орналасқан. Мұрағат деректеріне сәйкес, 1958 жылы бір ірі қараның басы, ал 1968 жылы екі жылқы көміліпті", — деп хабарлады әкімдік.

Мал көміндісінің айналасында радиусы 1 километр санитариялық-қорғау аймағы белгіленген. Ол Байсерке ауылының бір бөлігін, сондай-ақ, Талғар ауданының Кіші Байсерке ауылының кейбір жер учаскелерін қамтиды.

"Санитариялық-қорғау аймағында орналасқан тұрғын үйлер мен өзге де нысандарды көшіру немесе сүру мәселелері қарастырылмайды. Қазір жергілікті халыққа қауіп жоқ", — деп атап өтті жергілікті билік.

Мәселені жан-жақты зерделеу және қажет шараларды айқындау үшін Іле ауданы әкімнің өкімімен жұмыс тобы құрылды. Қазір топ ғылыми мамандармен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Екі отырыс өтіп, онда көміндінің нақты орналасқан жерін нақтылау, санитариялық-қорғау аймағын түзету және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар дайындалды.

"Мұрағат құжаттары мен жиналған деректер талданып жатыр. Көмінді мен оның санитариялық-қорғау аймағына қатысты түпкілікті шешім алдағы бір ай ішінде жұмыс тобының қорытынды отырысында қабылданады, оның нәтижесі бойынша қажет шаралар айқындалады", — делінген хабарламада.

Сондай-ақ әкімдік Іле ауданы әкімінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі "Аудандағы сібір жарасы көмінділерінің орындарын айқындау туралы" шешіміне тиісті өзгерістер енгізілетінін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget