«Дарындыға – дарқан жол» жобасы аясында облыс әкімінің қатысуымен өткен кездесуде халықаралық және республикалық олимпиадалардың, зияткерлік жарыстардың, шығармашылық байқаулардың, чемпионаттардың 61 жеңімпазы мен жүлдегері бас қосты.


Облыс әкімі Берік Уәли кез­десу алдында оқушы­лардың жобалары мен жетістіктері ұсынылған көрмені тамашалады. Көрмеде «Роботтех­ника» бағытында колледждер мен мектептердің үз­дік ғылыми жобалары, сондай-ақ ­Х халықаралық әскери-патриот­тық «Айбын» жастар жиыны­ның жүлдегерлері, дарынды бала­ларға арналған Ш.Уәлиханов атын­дағы «Жас ұлан» арнайы ер­лер мектеп-лицейі оқушыларының жетістіктері ұсынылды.

Еркін форматта өткен кездесуде Абай облысының дарынды оқушылары жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы айтып, ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Өңір басшысы сөз сөйлеген әрбір қатысушыны мұқият тыңдап, ұсыныстарға жауап берді.

«Бүгін мен сендерге алдыңғы буынның шын пейілін айтқым келеді: сендер – біздің өңірдің ең үлкен үміті, ең үлкен сенімісіңдер. Біз сендермен мақтанамыз. Бұл залда талантымен де, еңбегі­мен де биікке көтерілген жас көш­бас­шылар отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер» деген еді. Сендер олимпиадаларда, жобаларда, жарыстарда жеңіске жетіп қана қоймай, жаңа идеяларға жол ашып, үлкен жауапкершілікті арқалап жүрсіңдер. Біз бүгін рес­ми жиынға емес, шынайы әңгіме­лесуге жиналдық. Ойларың, сұ­рақ­тарың, ұсыныстарың – біз­ге маңызды. Өйткені талантты жас­тар­ға өз әлеуетін туған жерін­де жү­зеге асыруға жағдай жасау – бар­лығымыздың ортақ мінде­ті­міз. Осы орайда биылғы оқу жы­лы­ның соңында халықаралық олим­пиаданың жүлдегерлеріне, яғни 18 оқу­шыға облыс әкімінің атынан қомақты сомадағы стипендия таға­йындалатынын да қуанышпен хабар­лағым келеді. Бұл білімге құш­­тар, талапты жастарға үлкен мотива­ция болары сөзсіз», деді облыс басшысы.

Жиынға қатысқан оқушылар­ға облыс әкімінің атынан ақша­лай сертификаттар табыстал­ды. Мәселен, биыл Абай облысы­ның оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда 277 медаль жеңіп алған еді. Олардың қатарында халықаралық математика және информатика пән­дерінен Әл-Хорезми олимпиадасы, жасөспірімдер арасында­ғы халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасы (IJSO), математика, информатика, физика және химия пәндері бойынша «Туймаада» халықаралық олимпиа­дасы, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бо­йынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы, сондай-ақ халықаралық әскери-патриоттық «Айбын» жастар жиыны бар.

Абай облысы