Ерейментау ауданына қарасты Елтай ауылында орналасқан ауылшаруашылық кооперативі — СПК "Елтай Сүт" фермасының қызметі өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы маңызды жобалардың бірі болып отыр. Кооперативтің негізгі мақсаты — сүт өндірісін тұрақты дамыту, ферма инфрақұрылымын жаңғырту және өңделген өнім көлемін арттыру арқылы жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету, деп хабарлайды Ерейментау ауданы әкімдігі.

Бүгінде серіктестіктің қарамағында 120 бас ірі қара мал бар. Заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған өндіріс нәтижесінде кәсіпорын тәулігіне 1,5–2 тоннаға дейін сүт өнімін өндіруге мүмкіндік алып отыр. Бұл — өңір үшін айтарлықтай көрсеткіш.

Жоба аясында бұрынғы "Ата-сүт" фермасын қайта қалпына келтіру және кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, өнім сапасын арттыруға да бағытталған. Ферманы жаңғырту барысында технологиялық үдерістерді автоматтандыру, малды күтіп-бағу жағдайын жақсарту және еңбек өнімділігін арттыру көзделген.

Фото: Ерейментау ауданының әкімдігі

Кооператив алдағы уақытта сүтті терең өңдеу бағытын дамытып, қаймақ, ірімшік, сары май секілді сұранысқа ие өнім түрлерін шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар өнім өткізу нарығын кеңейтіп, сатылым жүйесін жолға қою арқылы тұрақты табысқа шығу басты міндеттердің қатарында.

Өндірілген өнімдер Астана қаласы мен Ерейментау ауданының тұтыну нарығына бағытталмақ. Бұл өз кезегінде жергілікті өнім үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның әлеуметтік маңызы да зор. Қазіргі таңда кооперативте 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал жоба толық іске асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты жақсарады.

"СПК "Елтай Сүт" кооперативінің жұмысы — ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл экономикасын нығайтуға және отандық сүт өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың айқын көрінісі", — дейді Ерейментау ауданы әкімдігінің өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз