Астана жаһан назарын аударған ірі мегаполиске айналды. Сәулетімен ғана емес, рухани, әлеуметтік, мәдени тыныс-тіршілігімен де өзгелерден ерек. Содан болар, Астанаға арман қуып келетін жастар қатары жыл санап артып келеді. Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы 10 жылда халық саны 2 млн-нан асып жығылады. Астана кейінгі 28 жылда ғажайып ғимараттарымен, ерекше келбетімен, Еуразиядағы сәулетті қалалардың біріне айналды. Астана қалай өзгереді?
Бұл Астанадағы Мәңгілік ел қақпасы. Сырт көрінісі Париждегі Триумфалды арка пішіндес. Алайда мазмұны бөлек. Бұл нысан – Қазақстан Тәуелсіздігінің бірлігі мен болашағының символы.
Енді Мысырдағы Пирамидадан бір-ақ шықтық. Бірақ бұл Египет емес, Елордадағы еңселі ғимарат. Ежелгі құпияларды жасырған мекен емес, ашық диалог пен рухани келісім үшін салынған нысан.
Осы Пирамиданың іргетасын құйып, құрылыс жұмыстарына белсенді араласқан құрылысшы Құрметбол Берімбай алғашқы жылдары мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру оңай болмағанын айтады.
Құрметбол Берімбай, «ҚР Құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері:
- Ол кезде сол жағалау болмады. Ескі қаладан бастады. Содан анау қазіргі әскери музейді бетоннан бастап, толық аяқтап шықтық. Әртүрлі жұмыстарды аяқтадық.
Бастапқыда Елорданың құрылыс жұмыстарына шетелдік мамандардың көп көмегі тиген. Олар сала бойынша бағыт-бағдар беріп, біліктілігін бөлісті. Уақыт өте келе отандық сәулетшілер өзге елдің озық тәжірибесін игеріп, күрделі жобаларды өз күшімен жүзеге асыра бастады.
Құрметбол Берімбай, «ҚР Құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері:
- Бұл құрылыс саласын жалпы біздің қазақ, қазақстандықтар меңгерді. Басында шетелдіктерден үйренді. Мына сыртқы жұмыстарын да, ішкі жұмыстарын да, әртүрлі архитектурадағы құрылыстарды – бәрін салып жатыр.
Иә, біраз жылдар бұрын 25 мың гектар ғана аумақты алып жатқан Астана қазір адам танымастай өзгерді. Көлемі 80 мың гектар жерге ұлғайса, халық саны 1,5 млн-ға өсті. Сарапшылардың айтуынша, алдағы онжылдықта тағы 700 мыңға көбейеді.
Гүлдана Әбіш, «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС мамандандырылған шеберханасының бас маманы:
- Адамдардың саны 2 млн 275 мыңға дейін өседі. Астана қаласында жыл сайын адам саны 60-70 мың адамға дейін өсіп жатыр. Ол жаңағы туу бойынша, адамдардың жұмыс істеуі бойынша жыл сайын одан да көбейіп жатыр. Былтыр, мысалға, 5% көбейді.
Мынау Астана қаласының 2035 жылғы Бас жоспар үлгісі. Алдағы 10 жылда шаһар аумағының айтарлықтай ұлғаятыны байқалады. Аспанмен таласқан биік-биік ғимараттар, әлеуметтік нысандар бой көтереді. Қазіргі таңда 200-ге тарта мектеп, 175 балабақша, 45 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетсе, алдағы жылдары бұл көрсеткіш бірнеше есеге ұлғаяды. Сол жағалау кеңейіп, жаңа көшелер пайда болады. Республика сарайы, қабылдау үйі сияқты ауқымды жобалар жүзеге асады. Қаланың инфрақұрылымы да жетілдіріліп, 2-ші айналма теміржол мен әуежайдың екінші ұшу жолағы іске қосылады.
Гүлдана Әбіш, «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС мамандандырылған шеберханасының бас маманы:
- Бізде ЛРТ салынып жатыр. 3 айналма жолы бар бізде. Сосын «политцентрлер» бізде дамып жатыр. Әрбір айналма жолда өздерінің «политцентрлері» бар. Астана Бас жоспарында резервтік территориялар да бар. Егер де керемет үлкен инвесторлар келіп жатса, онда олар уникалды объектілерді сала алады.
Ал осы құрылыс жұмыстары дронның көмегімен бақыланады. Өйткені бей-берекет нысандар бой көтермеуге тиіс. Шаһардың Бас жоспарында бекітілген деректердің жүзеге асырылу қарқынын да осы құрылғы қадағалайды. Бұл әзірге пилоттық жоба ретінде ретінде жүзеге асырылады. Кейін шаһар мен ел аумағындағы барлық өңірлерде іске қосылады.
Гүлназым Есімова, Цифрлық трансформация департаменті директорының м.а.:
- Жинаған деректерді өзіміздегі бар деректермен салыстырамыз. Яғни бізде Бас жоспар бойынша, ПДБ бойынша деректер бар. Сол екеуін салыстырып, айырмашылық бар болса, ол жерде заңсыз құрылыс жүргізіп жатса, біз әкімдіктерге сигнал береміз.
Сәулеті мен сәні келіскен Астана – тек әкімшілік орталық қана емес, ел дамуын айқындайтын бас қала. Көкке ұмтылған ғимараттар, заманауи инфрақұрылым, жасыл бастамалар, мұның бәрі болашаққа жасалған батыл қадам. Себебі елордада болашақтың іргетасы қаланып жатыр.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Арман Ақшабаев, Марат Диханбаев