Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің арасында «Үздік әдіскер» атты кәсіби шеберлік сайысы өтіп, ақтаулық офицер Бақытжан Орақбаев үздік атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, байқауға Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен және Орал қалаларынан келген 50-ге жуық офицер мен сержант қатысты.
Қатысушылар атыс, дене және әскери-тактикалық дайындық, сондай-ақ мемлекеттік-құқықтық және әдістемелік пәндер бойынша білімдері мен біліктіліктерін сынға салды.
Жарыс қорытындысы бойынша Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінің батальон командирі, капитан Бақытжан Орақбаев үздік нәтиже көрсетіп, 1-орынға ие болды.
«Жарысқа үлкен дайындықпен қатыстым. Барлық кезеңдер өз деңгейінде өтті. Бірінші орынға қол жеткізу мен үшін үлкен мәртебе. Енді желтоқсан айында Астана қаласында өтетін республикалық біріншілікте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғаймын», дейді капитан Бақытжан Орақбаев.
Айта кетейік, байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңдер әскери бөлімдердің өз базасында өткізілсе, Орал қаласында өткен екінші кезеңде өңірдің үздік әскери мамандары анықталды. Енді жеңімпаздар желтоқсан айында Астана қаласында өтетін қорытынды республикалық сайыста бақ сынайды.
Маңғыстау облысы