Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару саласына озық цифрлық шешімдерді енгізуде Жапонияның тәжірибесіне сүйену қажеттігін айтып, Астана әкіміне елордадағы Smart City жобасын жеделдетіп аяқтауды жүктеді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өткен аптада Жапонияға жасаған ресми сапары барысында Токио губернаторымен кездескенін еске салған Мемлекет басшысы, қос тарап цифрлық технологиялар саласында ынтымақтастық орнатуға келіскенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесу өткізді
«Жапония озық шешімдерді мемлекеттік басқару саласына енгізу тұрғысынан зор табысқа жетіп отыр. Біз осы бағытта тәжірибе алмасатын болдық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, Астанада Smart City жобасы аясында жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылуы тиіс.
«Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады. «Заң және тәртіп» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс», деді Президент.
Мемлекет басшысы Астана әкіміне аталған жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырып, мұндай цифрлық платформаларды еліміздің басқа қалаларында да енгізу қажеттігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі
Бұл жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіретін болады.