Бүгін елордада «Байқымыз – бапталған қымыз» ұлттық тағамдар гастрофестивалі басталды.

Мәдени-аграрлық шараға еліміздің әр өңірінен жиналған 50-ге жуық қымыз өндіруші қатысып, ұлттық сусынды өндіру дәстүрін насихаттайды. Екі күнге жалғасатын жиында келушілер қымыздың түр-түрінен дәм татып, этно-мәдени бағдарламаларды тамашалай алады. Сондай-ақ гастрофестивальде «үздік қымыз» анықталады.

Назым Қайрат, тілші:

- Бас қаладағы «Қазанат» ипподромында бүгін кісі қарасы көп. Өйткені ұлттық сусын өндірушілерінің басын біріктіретін «Байқымыз» ұлттық тағамдар фестивалі өтіп жатыр. Келушілерге 50-ге жуық қымыз өндірушінің өнімі ұсынылып, қымыз дайындауға қатысты шеберлік сағаттары, ұлттық ойындар, жылқы көрмесі және "үздік қымыз" атағы үшін жарыс болады. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Мұнда қолөнер де, ән де, күй де бар. Олай болса, әрмен қарай бейнекадрлар сөйлесін.

Сәуле Бақтыгерей, қымыз өндіруші:

"Ақтөбеден ат терлетіп келіп тұрған жайымыз бар. Жалпы бұл шаруа қожалығы 1997 жылы ашылған. Біз 320 литр қымыз алып келдік. Байқымыз фестивалі ашық деп жарияланғаннан бері біз дайындалып, сақадай сай келдік".

Бал қымыз, сары қымыз, уыз қымыз. Шара аясында қала тұрғындары мен қонақтарына бие сүтінің алуан түрі ұсынылды. Келушілер ұнатқан қымыздарына кьюар код арқылы фестиваль сайтына кіріп, дауыс берді.

Серғазы Исабеков, қымыз өндіруші:

"Мен Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылынан келіп отырмын. Өзімнің қымыздарымды әкеліп, халыққа көрсету үшін, дәмін тату үшін 600 литр қымыз әкелдім. 25 шақты бие сауамыз. Күніне 120-130-дай литр қымыз шығарамыз".

Ең үздік қымызды анықтау 4 талап бойынша жүзеге асады. Халық дауысынан бөлек, мұнда қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасының пікірі ескеріледі. Сондай-ақ, өндірушінің нарыққа бейімделуі, қымызды сатуда қолданатын әдіс-тәсілдері назарға алынып, зертханалық тексеріс арқылы қымыз құрамында ауыр металдардың бар-жоғы анықталады.

Жұмажан Қалтаев, "Baiqymyz" фестивалінің ұйымдастырушысы:

"Фестиваль аясында бүгін Қазақстанның рекордын жаңартып отырмыз. Бір жерге 30 тоннаға жуық қымыз жиналды. Қымыз жарысында жүлде қоры 45 миллион. 1 орынға 20 миллион, 2 орын 15 миллион, 3 орын 10 миллион. Халыққа ұнаса, жыл сайын өткіземіз деп ойлаймыз. Бұл ішкі туризм мен сыртқы туризмді дамытады деген ойдамыз."

Жүлде қорынан бөлек демеушілер тарапынан жалпы 4 миллион теңге көлемінде қосымша ынталандыру да қарастырылған.

Дмитрий Рудис, фестиваль қонағы:

"Біз бұл шараға арнайылап алыстан ат терлетіп келдік. Қымыз шипалы сусын. Сондықтан барлық өңірден әкелінген қымыздың дәмін татып көріп жатырмыз. Әрқайсысының өзіндік дәмі бар. Осындай мүмкіндік туғанына қуанып отырмыз. Көп рақмет".

Шара барысында қазақтың байырғы тұқымдары – Жабы, Көшім, Қостанай, Мұғалжар, Адай жылқылары және спорттық бағыттағы аттар әкелініп, артынша, бірегей бұйымдар мен жылқыларға арналған аукцион өткізілді. Ал фестиваль аясында қолға алынған ғылыми конференцияда қымыздың емдік қасиеттері, жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығының даму болашағы талқыланады.

Назым Қайрат, Мерей Талап