Бүгін Қарағанды қаласындағы "Кеншілер" мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы күніне арналған " Егемен елдің еңсесі биік" атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды қала әкімдігі.

Мереке күні қазақстандықтардың Тәуелсіздікке, бірлік пен Отанға деген мақтанышын білдіреді. Салтанатты бағдарлама "Атамекен" әуенімен ашылып, Мемлекеттік Әнұранмен басталды.

Қала тұрғындары мен қонақтарына Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов құттықтау сөз арнап, Республика күні – бұл жай ғана мереке емес, еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны екенін атап өтті. Сондай-ақ қала мәслихатының хатшысы Алтынтөре Букенов те жиналғандарды құттықтады.

Фото: Қарағанды қаласының әкімдігі

Салтанатты бөлім барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және қоғамдық өмірге белсене атсалысқан азаматтарға құрмет грамоталары табысталды. Марапат иелерінің қатарында коммуналдық шаруашылық, энергетика, көлік, сумен жабдықтау, мәдениет салаларының өкілдері мен зообақ қызметкерлері бар. Олар күн сайын облыс орталығының көркеюі мен тұрақты жұмыс істеуіне өз еңбегін сіңіруде.

Қарағандыда Республика күні
Фото: Қарағанды қаласының әкімдігі

Ресми бөлімнен кейін көрермендердің назары концерттік бағдарламаға ауысты. Сахнада Е. Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі, К. Байжанов атындағы бірлестіктің опера және дәстүрлі ән орындаушылары өнер көрсетті. Көрермендерге П. Чайковский мен Э. ди Капуаның туындылары, халық әуендері және қазіргі заманғы хореографиялық композициялар ұсынылып, қазақстандық мәдениеттің байлығы мен өңірдің шығармашылық әлеуеті айқын көрсетілді.

Мерекенің ең әсерлі сәттерінің бірі – "Алмагүл" балабақшасының тәрбиеленушілерінің өнері болды. Балалардың шынайы әрі сүйкімді қойылымдары көрермендерге қуаныш пен жылулық сыйлады.

Қарағандыда Республика күні
Фото: Қарағанды қаласының әкімдігі

Кештің шарықтау шегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлының орындауы ерекше әсер қалдырды. Оның өнері көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

"Егемен елдің еңсесі биік" атты мерекелік шара елдің күші – оның халқының бірлігінде, еңбегінде және Отанға деген сүйіспеншілігінде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қарағанды жұртшылығы өз елінің тәуелсіздігі мен абыройына деген мақтаныш сезімі ұрпақтарды біріктіріп, жаңа жетістіктерге шабыттандыратынын көрсетті.

Қарағандыда Республика күні
Фото: Қарағанды қаласының әкімдігі

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз