Бір ғасыр бұрын Еуропа даласын шайқаған соғыс пен бүгінгі Украинаның аспанында зулаған дрондардың арасында үндестік бар. Қанша жерден заман өзгерді дегенмен, мемлекеттердің күйреу себептері сол күйі қалды. Рух пен ресурс сарқылғанда, қару үнсіз қалады.
Германия Бірінші дүниежүзілік соғыста алдыңғы шепті ұстап тұрып, тұтас экономикалық жүйесі күйрегеннен кейін тізе бүкті. Артиллериясы Парижді атқылап тұрғанда, көшелерінде толқу басталғанын тарихтан білеміз. Себебі соғыстың соңғы шешуші майданы сыртта емес, іште өтті. Сарбаз емес, аш-жалаңаш халық Германияның тағдырды шешті.
Сол сияқты Ресей де соғыстың төртінші жылында ішкі жағдай сыр бере бастағандай... Бюджет бос, өңірлер жұтап отыр. Тіпті, кейбір аймақтарда шенеуніктер қарапайым бюджет қызметкерлеріне жалақыны кешіктіріп бере бастаған.
Қорғаныс өнеркәсібі күшейген сайын азық-түлік бағасы өсіп, жанармай тапшылығы күшейе түскен. Соғысқа тек техника ғана емес, қыруар қаржы да жұмсалуда. Қолдағы бардың бәрі оқ-дәрі мен танк жасауға жұмсалып, қарапайым азаматтың күнделікті тіршілігі қиындап барады.
Германияның соғыста жеңілуінің басты себебі соғысқа жұмсалған ақшаның салдарынан халықтың тұрмысы құрдымға кетті. Сол үрдіс Мәскеуге де жеткендей.
Санкция қазіргі заманның теңіз блокадасына айналып отыр. Ресейдің ірі компаниялары халықаралық нарықтан шеттетілді. Жаңа технологияларға қолы жетпейді, қаржы арналары шетінен жабылып жатыр.
Бүгінде Ресей ақпараттық майданда жеңіп жатқандай көрінгенімен, шындық басқаша. Ішкі әлеует сарқылған сайын, пропаганда шындықты бүркемелеуге тырысатыны белгілі.
Бір ғасыр бұрын немістер де газеттерден жеңіс туралы көп оқып, көшеде аштыққа тап болды. Ақыры, "бізді сатты" деген аңыз тарады. Ол аңыз кейінгі фашизмге жол ашты. Ал қазіргі Ресей де дәл осы жолдың шетінде тұр. Миф пен шындықтың арпалысы кезінде әділет салтанат құруы тиіс.
Тарихтың салмағы мен болашақтың бағытын түсінетін уақыт жетті. Ауылына су апара алмаған мемлекет, армиясын сақтай алмайды. Зымыранмен емес, жауапкершілікпен ұтқан жұрттар ғана жаңа дәуірге өтеді.
Нұрлан Жұмақанов
 
                         
                                