Белгілі күйші, ұстаз Жанғали Жүзбай Түркияның Алания қаласында медиа саласы мамандарының V Халықаралық кеңесінде Ысмайыл Гаспралы атындағы сыйлықпен марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сыйлық түркі әлемінің бірлігі мен мәдени байланысын нығайту мақсатында беріледі. Бұл туралы күйші Қайрат Хамитұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Күйші Жанғали Жүзбайдың әлемнің 41 мемлекетінен 310 медиа саласының мамандары қатысуымен өткен халықаралық кеңесте Ысмайыл Гаспралы сыйлығымен марапатталуын «домбыра аспабының беделін халықаралық деңгейге көтеру» деп қабылдасақ та болады. Бұл кезге дейін осы сыйлық «Түркі дүниясына сіңірген еңбегі үшін» деп аталатын. Саясаткерлер, ғалымдар, өнерпаздар мен БАҚ өкілдеріне беріліп келе жатқан марапат осы жылдан бастап ғалымдар мен өнерпаздар үшін «Ысмайыл Гаспралы сыйлығы» деп беріле бастады. Беделді сыйлықпен марапатталғандардың арасында дүниежүзіне танымал тұлғалар да болды. Мысалы: Түркияның экс сыртқы істер министрі, Солтүстік Македония парламентінің төрағасы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, белгілі БАҚ өкілдері, түркі дүниясына еңбек сіңіріп жүрген ғалымдар мен өнерпаздар бар», деп жазады.