Атом энергетикасы халықаралық агенттігінің 69-шы Бас конференциясы аясында еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігі (NNSA) арасында Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды, деп жазады Egemen.kz.

Құжатта ИВГ.1М зерттеу реакторының жоғары байытылған пайдаланылған отынын арнайы әзірленген Silo типіндегі қоймаға табысты орналастыру, пайдаланылған ядролық отынды Silo қоймасында оның түпкілікті кәдеге жаратылуына қатысты бірлескен шешім қабылданғанға дейін сақтау, жоғары байытылған уранды пайдалануды барынша азайту және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыру ниеті атап өтілген.

«Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық міндеттемелерін дәйекті түрде орындайды. Аталған мәлімдемеге қол қою біздің бейбіт атомды дамытуға және жаһандық таратпау режімін нығайтуға бейілділігімізді растайды», деді еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

NNSA өкілдері АҚШ-тың Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын әрі ядролық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. Ал бұған дейін осындай Бірлескен мәлімдемелер 2016, 2019, 2020 және 2023 жылдары да қабылданып, Қазақстан мен АҚШ-тың бейбіт атом саласындағы тұрақты әріптестігінің символына айналды.