Шымкент қаласы соңғы жылдары еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалада экологиялық жағдайды жақсарту, инфрақұрылымды жаңарту, тұрғын үй қорын көбейту және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың алғашқы жартысында жүзеге асқан бастамалар мегаполистің келбетін айтарлықтай жақсартты.

Жыл басынан бері қалада "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы кең көлемде ұйымдастырылып келеді. Акция аясында 643 мыңнан астам тұрғын, 2 580 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 720 әлеуметтік мекеме атсалысты. Іс-шараларға 10 850 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 27 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл – қала тазалығы мен тұрғындардың экологиялық мәдениетінің артқанын көрсетеді.

Көгалдандыру бағытында да ілгерілеу байқалады. 2025 жылы 25 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Қазан айының соңына дейін Астана және Шымсити шағынаудандарындағы жаңа көшелердің бойына қосымша ағаш отырғызу жоспарланған. Жалпы, 400 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 27 көше қамтылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қосымша 11,4 мың шаршы метр жер көгалдандырылды. Қаладағы демалыс орындарын көбейту мақсатында Тұран-2 шағынауданында жаңа саябақ пайдалануға берілді. Ал тағы бес саябақтың құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, алты саябақта балалар ойын және спорт алаңдары тұрғындардың игілігіне берілді.

Экологиялық жұмыстардың маңызды бөлігі – өзен арналары мен табиғи аймақтарды абаттандыру. Қаладағы негізгі су көзі саналатын Қошқар ата өзенінің жағалауын көркейту жұмыстары ерекше назарда. Жалпы ұзындығы 3,5 шақырым аумақты қамтитын бұл жоба "Hydro Life 2050" ЖШС тарапынан жүзеге асырылып жатыр, жалпы құны – 1,2 млрд теңге. Сондай-ақ, Нұртас шағынауданындағы "Кәусар" каналының екінші кезеңі аяқталып, бірінші кезең бойынша құрылыс жалғасуда. Ал Бадам өзенінде арнаны нығайту және түзету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде: өткен жылы 9 шақырымдық аумақ тазаланса, биылғы 5,3 шақырымдық бөліктің 70 пайызы орындалды.

Қаланы көркейту ісімен қатар тұрғын үй-коммуналдық салада да оң өзгерістер бар. Реновация бағдарламасы аясында апатты және ескі үйлерді бұзу және тұрғындарды жаңа пәтерлерге көшіру жұмыстары жалғасуда. Көксай шағынауданында тоғыз көпқабатты үйдің 83 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Жақында тағы сегіз отбасы жаңа пәтер кілттерін алды. Бұл бастама тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, қала инфрақұрылымын жаңартуға да сеп болуда.

Қаланың әлеуметтік тұрақтылығын сақтау бағытында азық-түлік бағасын реттеу де басты назарда. Бүгінде Шымкентте 80-ге жуық әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Жақында іске қосылған "Бақша" әлеуметтік дүкендер желісі арқылы бірінші қажетті азық-түлік тауарлары нарық бағасынан төмен ұсынылуда. Сонымен қатар, апта сайын алты орында азық-түлік жәрмеңкелері өткізіліп, халыққа 150 тоннаға жуық өнім 10–15 пайыз жеңілдікпен сатылады.

Кәсіпкерлікті дамыту мен жұмыспен қамту бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. "Бірыңғай кешенді бағдарлама" аясында әлеуметтік кәсіпкерлер мен "Бір ауыл – бір өнім" жобасының қатысушыларына 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру қарастырылған. Конкурстар электронды форматта өтіп, ашық әрі әділ жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар шағын және орта бизнесті қолдап қана қоймай, өңір экономикасын жандандыруға да мүмкіндік беруде.

Қала тазалығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаңғыбас жануарларды стерилизациялау жұмыстары жалғасып жатыр. 2025 жылы 1 447 ит пен мысық зарарсыздандырылып, олардың бір бөлігі табиғи ортасына қайта жіберілді, ал кейбірі еріктілердің қамқорлығына тапсырылды. Бұл шара тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және санитариялық талаптарды сақтау мақсатында жүзеге асырылуда.

Қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті нығайту бағытында "резеңке пәтерлерге" қатысты тексерістер жүргізіліп, нақты тұрмайтын азаматтар тіркеуден шығарылды. Ал құқық қорғау органдарының дерегінше, өткен аптада қалада 152 қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде ең жиі кездесетіні – алаяқтық пен ұрлық. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының арқасында қоғамдық қауіпсіздік деңгейі тұрақты сақталуда.

Шымкент халықаралық ынтымақтастық бағытында да белсенді. 12–15 қазан аралығында қалада Иран Ислам Республикасының сауда-өнеркәсіп көрмесі өтеді. Көрмеге Иранның жетекші компаниялары қатысып, қазақстандық серіктестермен өзара ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік алады.

Жалпы алғанда, 2025 жылдың алғашқы жартысында Шымкент қаласында атқарылған жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Жасыл желекке бөленген, қауіпсіз және заманауи мегаполиске айналып келе жатқан Шымкент бүгінде еліміздің ең өміршең қалаларының бірі екенін тағы бір дәлелдеді.

Шымкент ІСБ ұсынған материал

Logotype Massaget